Төлемақы алынбайтын болды
Жақында Оңтүстік өңірінде күн күрт суытып, оның ақыры қарға ұласты. Таулы аудандарға жауған қардың қалыңдығы 30-40 сантиметрге дейін жетті. Түнгі уақытта ауаның температурасы -2-3- градусқа төмендеді. Тосыннан келген суыққа байланысты Түркістан қаласында жылу қайта қосылды. Бірақ қалалық әкімдік қайта берілген жылу үшін тұрғындардан төлемақы алмауға уәде беріп отыр.
-Қазіргі кезде ең алдымен бір-бірімізге қолдау көрсете білуіміз қажет. Жақында күн күрт суытып, көпқабатты үйлерге бірнеше күнге жылуды қайта қосқанымызды білесіздер. Тұрғындар жылуға мұқтаж болғанымен, біразына 4 күндік ақы ауыртпашылық тудыруы мүмкін.
Жергілікті кәсіпкерлермен ақылдаса келе 4 күндік жылу ақысын тұрғындарға төлетпей, қолдау ретінде өзіміз төлейміз деген шешім қабылдадық,-деді қала әкімі Рашид Аюпов тұрғындарға бүгін арнаған үндеуінде.
Әкім сондай-ақ, бүгінгі жиналыста кей балалардың тапсырмаларды уақытылы орындай алмағаны үшін төмен баға қоймауын сұранғанын жеткізді.
-Біздің балаларға да бұл кезең оңайға түсіп тұрған жоқ. Түсіністікпен қарап, үйреніскендерінше уақыт бергеніміз абзал,-деді Р.Аюпов.
Лайым, төтенше жағдай кезінде осындай игілікті шаралар көбейе бергей!