Сауран ауданында скверлер мен саябақтар абаттандырылуда
Түркістан облысы Сауран ауданында көгалдандыру, көгеріштендіру және санитарлық екі айлығы аяқталса да абаттандыру жұмыстары жалғасын табуда. Ауданды жасыл желекке орау бастамасы саурандық тұрғындар тарапынан қолдау табуда.
Осы мақсатта аудан аумағына 4415 дана түрлі ағаш көшеттері отырғызылды.
Жуырда «Жасыл Аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері 4400 үйеңкі (клён) ағаш көшетін отырғызған. Ал Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты Орманды елдімекенінде орналасқан «Сырдария – Түркістан» МӨТП тұқымбағынан 115 катальпа ағашы округтерге үлестіріліп, отырғызылған.
Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков бұдан басқа да ауданда жобаланған жоспарымен бөлісті. Оның айтуынша, бұдан өзге, Шорнақ елді мекеніндегі С.Тоймахан көшесі мен Ы.Алтынсарин көшелеренің қиылысына сквер салу, Аша, Майдантал, Достық, Қызылжол, Шорнақ, Қожанов елдімекендеріне воркаут, балалар алаңын, футбол алаңын орнату жоспарланған. Сонымен бірге Шорнақ елдімекеніне Сауран аллеясы, Шорнақ елдімекені кіре беріс Стелла құрылысын салу, Шорнақ елдімекеніндегі көпірді абаттандыру көзделген. Осы абаттандыру жұмыстары құрылыс жұмыстарымен қатар атқарылатынын жеткізді аудан әкімі.