Қаңғыбастар атынан несие алған қылмыстық топ құрықталды
Шымкент қаласында көшеде үй-жайы жоқ, қаңғып жүретін кезбелер мен тиын сұрап тіленіп жүретін қайыршылардың атынан несие рәсімдеген қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлайды Rgmedia.kz тілшісі.
Күдікті деп танылғандар төрт жыл бойы талтаңдап жүріп, жалған бонк шоттары арқылы 22 миллион 800 мың теңге пайда тапқан. Қазіргі таңда қылмыстық топ құрамындағы бес адамның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Олар қаңғыбастардың атынан жауапкершілігі шектеулі серіктестік, жеке кәсіпкерлік секілді заңды ұйымдар ашып, 2021 жылдан бері алаяқтық әрекетін жүзеге асырған. Осы іске байланысты қылмыстық топ мүшелеріне несие берген коммерциялық ұйымдарға қатысты да қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, алаяқтық бабы бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұл туралы Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма басшысы Жандос Досанов: «22 млн 800 мың теңге көлеміндегі алаяқтық фактісі әшкереленді. Алайда, жалған жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар да тексеруге, олардың есепшоттарын бұғаттауға шаралар қабылдамаған. Бұл құқық бұзушылықтар қылмыстық топтың алаяқтық жоспарларын жүзеге асыруына және жәбірленушілердің қаражаттарын иемденуіне жол берген» деп мәлімдеді.