Арменияндағы толқудан кейін, дәлірегі барқыт революциясынан кейін премьер-министрдің креслосына отырған Никол Пашинян «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында Арменияның сыртқы саясатының өзгермейтінін мәлім етті:
-Біздегі саяси жағдай өзгергенімен, сыртқы саясатымыздағы жағдай өзгеріссіз қалады, алдағы уақытта да өзгермейді,-деді премьер.
Жалпы Арменияның дамуына Пашинян нендей өзгеріс алып келеді? Билікке не үшін келді? Одан қандай жаңалық күтуге болады? Бұл жағын дәл қазір тап басып айту қиын. Пашинян әзірге өзінің билігін қалыптастырып жатыр.
Апта басында Пашинян Сочиде Путинмен кездесті. Екіарадағы әңгіме емен-жарқын түрде өтті. Жалпы Арменияның жаңа премьерінің қызметіне сайлана салысымен Ресейге баруының астарында біраз саясат бар. Пашинянның бүйрегі батысқа емес, шығысқа қарай бұрады деген сөз. Яғни, Арменияда Грузиядағыдай, Украинадағыдай күрт өзгеріс бола қоймайды. Кездесуде Путин Ереванмен алдағы уақытта да тығыз жұмыс істейтінін мәлім етті. Армения қазір Ресей үшін негізгі әріптес. Армян экономикасына салынған инвестицияның 35 пайызы Ресейдікі. Яғни, Армениядағы Ресейдің қаншалықты мүддесі барын осы цифрдан-ақ бағадай беріңіз.
Никол Пашинян апта басында жаңа үкіметтің құрамын қалыптастырып тастады. Дегенмен қазіргі уақытта Парламент-Ұлттық жиналыстағы депутаттардың басым бөлігін Республикалық партияның өкілдері құрайды. Ал Пашинянды премьерлікке елдегі тыныштық пен бейбітшілікті сақтап қалу үшін лажсыздан сайлаған республикашылар оппозицияға кеткенін мәлімдегені белгілі. Қызық болғанда, Парламенттегі басым дауысты иеленген партия оппозиция. Мұндай оппозиция ешбір елде жоқ! Алдағы уақытта Арменияны қос өкімет билеп, екі қошқардың басы бір қазанға сыймай жүрмесе деңіз. Саяси дағдарыстың көкесі сонда болады.
Сарапшылардың болжамы расқа шықса, Арменияда Парламент сайлауы жыл соңына дейін өтуі тиіс. Оған дейін Пашинян билігін сақтап отыра алады ма? Мәселе осында. Пашинянның өзінің мықты билігін қалыптастыруға жанталасатыны, бар күш-жігерін осы мақсатқа жұмылдыратыны айтпаса да түсінікті. Алайда жаңа тағайындауларда түсініксіздік көп. Министрдің портфелін алғандардың аты-жөндерін көпшілік білмейді де. Пашинян сенім артқан кадрлардың басым бөлігі жастар. Мәдениет министрі болып Лилит Макунц, денсаулық сақтау министрі болып Арсен Торосян, көлік, байланысы және ақпараттық технолгиялар министрі болып Артур Хачатрян тағайындалды. Премьердің екі орынбасарының креслосы Пашинянның бұрынан келе жатқан үзеңгілес серіктері Арарат Мирзоян мен Тигран Авинянға бұйырды. Бұл екеуі кешегі толқуда да премьердің қасынан табылған болатын. Үшінші вице-премьердің лаузымына кіріскен Мгера Григорян бұл орынға банктегі басқарма төрағасы қызметін тастап келді.
Мәдениет министрінң портфелін алған 34 жастағы Макунц бұған дейін Пашинянға ағылшын тілінен репетитор болып істеп келген екен. Білім және ғылым министрінің портфелін шығыстанушы ғалым Араик Арутюнян иеленді.
Пашинян неге жастарға арқ сүйеді? Сарапшылардың пікірінше, біріншіден, премьер биліктің қулық-сұмдығын бойына сіңіре қоймаған, өзіне шынайы берілген кадрларға таңдау жасады. Екіншіден, барқыт революциясының басы-қасында негізінен жастар жүрді. Пашинянның төңкерісшіл жастарға арқ сүйейтіні байқалады. Үшіншіден және ең бастысы армян үкіметінің жаңа жетекшісінің өзі де қылшылдаған жігіт. Жасы 43-те.
«Рейтинг» газеті