Павлодар қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында республикалық волейболдан өткен турнир мәресіне жетті. 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларының командалары арасынан ОҚО құрама командасы 3 күндік жарыс нәтижесінде ІІ орынды иеленді.
Спорттық жарыс мемлекеттік қызмет органдарының құрылғанына 20 жыл толуына және мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Жолдауында айтылғандай, мемлекетте сыбайлас жемқорлықпен күресте және оның алдын-алуда мемлекеттік қызметшілердің алар орны ерекше. Сондықтан да, мемқызметшілерді ынталандырып тұрған абзал.
Аталған турнирде оңтүстік өңірінің намысын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаменті бастап, облыс әкімі аппаратының және оған бағынысты мекемелердің және аудандық мәслихаттардың, көліктік бақылау инспекциясының, облыстық соттар әкімшісінің қызметкерлері қорғады.
Сондай-ақ, белсенді қатысқаны үшін Шардара ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы А.Есалиев құрмет грамотасымен марапатталды.
Айта кетейік, спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтегі азаматтарды салауатты өмір салтына баулу, облыс көлемінде мемлекеттік қызметшілер арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты арттыру және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесін атап өту болып табылады.