Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты биылғы Жолдауының 9-шы міндетінде жемқорлықпен күресті күшейту және заңның үстемдігін қамтамасыз ету керектігін тиісті мекемелерге тапсырған болатын.
Осыған орай, ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы мен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің бірлескен отырысы өтті. Отырысқа ведомствоаралық комиссия мүшелері, облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері және прокурорлар, ішкі істер органдарының, жергілікті полиция қызметінің басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ә.Сейдуәлиев, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары С.Абдуллаев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Е.Бөлегенов, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл ұлттық бюросының ОҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары Ә.Жорабеков баяндама жасады.
Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың Оңтүстік Қазақстан облысындағы құқық бұзушылық профилактикасының 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру барысы туралы жергілікті полиция қызметінің бастығы Әбдіғани Сейдуәлиевті тыңдаған облыс әкімі жергілікті полиция қызметі құрылған 2016 жылдан бері халық алдында есеп бермегенін атап өтті. Сонымен бірге айтылған тапсырманың тиісті деңгейде орындалмайтынына тоқталып, құқық бұзушылықты алдын-алу бойынша жұмыстарды ширатуды тапсырды. Жиында қаралған басқа да мәселелерді мұқият тыңдаған аймақ басшысы тиісті сала басшыларына кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің демалыс уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыруды, жасөспірімдермен жасалатын қылмысты болдырмау үшін жасақталған алдын алу іс-шаралардың тиімділігін зерделеп, жаңа әдіс-тәсілдерді әзірлеуді тапсырды.