Төлеби ауданында пробация үйі ашылды. «Пробация үйі» Елбасының «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасындағы 33-қадамында көрсетілгендей «Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру болып табылады. Осындай азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттарын және әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын жасау» және «Пробация туралы» Заңды жүзеге асыру мақсатында ашылып отыр.
Нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысы Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Пробация бөлімінің бас маманы Қуандық Сартаев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, аудан прокуроры Даулет Тлемисов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, құқық қорғау органдары қызметшілері, мемлекеттік мекеме басшылары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, пробация есебінде тұратын азаматтар қатысты.
Бұл нысанды Төлеби ауданы әкімдігі, аудандық прокуратура, аудандық Ішкі істер бөлімі және облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментімен бірлесе ашып отыр.
Мұнда пробациялық есепте тұрған азаматтарға «бір терезе» қағидасы бойынша аудандық Пробация қызметкерлерінен бөлек, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, білім бөлімі, көші-қон полициясы, денсаулық сақтау мекемелері, және қажеттілікке қарай басқа да мекемелер әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, арнай бекітілген кесте бойынша пробациялық есепте тұрған азаматтар пробация үйінен өздеріне керек көмек түрлері бойынша еңбекке орналасу, мамандық меңгеру, кәсіпкерлікті қолдау үшін несие алу, орта білім алу, құжаттандыру, медициналық көмек, құқықтық көмек және өзге де жәрдем түрлерін ала алады.