Облыс әкімі Түркістанның жаңа дәуірі басталғанын айтты

639.jpg

Биыл Елбасы Н.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түрістан облысы деп қайта құру және оның орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру туралы тарихи Жарлыққа қол қойған болатын. Бүгін осы тапсырманы орындау үшін Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері Шымкенттен Түркістан қаласына көшіп келді. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев бастап келген көшті Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев бастаған зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары басқармалар үйі алдынан салтанатты түрде күтіп алды. Кездесуде аймақ басшысы Түркістанды түлетуге келген мемқызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі. 

- Мінеки, Түркістан қаласына басқармалар мен департаменттер көшіп келіп отыр. 17 тамыз бүгінгі тарихи оқиғаға куә болған көпшілік үшін ерекше естелік болып қалады. Облыс орталығының Түркістанға көшірілуінде үлкен мән бар. Біріншіден, Түркістан  ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Екіншіден, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тебуінің өзі бұл шаһардың стратегиялық маңызы зор екенін көрсетіп тұр. Екіншіден, қазақтың 21 ханы мен батырлары, би-сұлтандары мен қаймақтары осы шаһарда жерленген. Бұның өзі Түркістанның Қазақстан үшін қасиетті орталық екенінің көрінісі. Үшіншіден, Түркістанда Түркі әлемінің ұлы ұстазы, ақын әрі қайраткер Ахмет Ясауи бабамыз өмір сүрген. Ұлы ойшыл ұстаздың кесенесінің Түркістанда салынуы, бұл шаһардың талай ғасырдан бері Түркістан деп аталып келе жатқаны көп нәрседен хабар береді. Ендеше, Елбасы тапсырмасына сәйкес, біз Түркістанды Түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыруымыз керек. Оған баршамыз үлес қосып, атсалысайық. Түркістанның жаңару күндері басталды. Баршаңызға қоныс құтты болсын, осында көшіп келген басқармалар мен департаменттердің қызметкерлеріне сәттілік тілеймін. Түркістанды бірге гүлдендірейік! - деді облыс әкімі.

Іс-шара барысында облыс бастаған топ жаңа қонысқа келген басқармалар мен өзге де мемлекеттік мекмелердің кеңселерін аралап көрді. Жас мамандармен кездескен өңір басшысы шаһарда мемлекеттік қызметкерлерге тұрғын үйлер салынып жатқанын, олар келесі жылы пайдалануға берілетінін айтты.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте «Базар жастар лигасы» шарасы өтті
  • Конституция – адам бостандығы мен құқықтарының қорғаушысыАта Заң - Тәуелсіздік құндылығы!
  • Тура жолдан адаспау - басты мақсат
  • Сайрамды қылмыс деңгейі төмендеп келеді
  • Керуен жұмысы тиімділігін көрсетуде
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер