Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарды көшіру барысымен танысу үшін жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды.
Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр бүгінгі таңда мемлекеттік органдар орналасқан бірқатар нысанды аралады. Сондай-ақ, Түркістанға мемлекеттік органдарды көшіру және Шымкент қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңестер өткізу жоспарланған.
Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарын Түркістан қаласынан бастады. Мұнда әкімшілік ғимараттардың құрылысы салыну уақытында (2020 ж. дейін) мемлекеттік органдар орналасатын коммуналдық меншік және коммерциялық нысан ғимараттарына барды. Аралау барысында Премьер-Министрге орын ауыстыру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқаны баяндалды — 27 жергілікті атқарушы органның 22 басқармасы ауысты, сонымен қатар 14 аумақтық орган өкілдері бүгінде Түркістанда қызмет көрсетуде. Келесі жылы барлық ведомстволарды көшіру жұмыстарын аяқтау жоспарланған: облыс әкімдігі, 24 салалық басқарма, мәслихат аппараты, тексеру комиссиясы. Бұдан өзге, тоғыз бюджеттік ұйым көшіріледі. Бірінші кезеңде 842 адам ауысады, қалада олар орналасатын ғимараттар анықталған, қажетті коммуникациямен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйі жоқ мемлекеттік қызметкерлерге жатақханалардан орындар дайындалған.
Бақытжан Сағынтаев тарихи-мәдени этнографиялық орталықты тексеру барысында Түркістан облысы мәслихаты мен әкімінің аппаратын орналастыру жағдайымен танысты.