Сыбайлас жемқорлықпен күрескеннен гөрі, оның алдын-алған әлдеқайда тиімді. Жемқорлық - жегі құрт екенін балаға ерте жастан бастап үйрету керек. Сонда ғана баланың бойында жемқорлыққа деген теріс көзқарас қалыптасып, келешекте жемқорлыққа жол бермейтін болады.
Жақында Отырар ауданындағы М.Әуезов және Отырар жалпы орта мектептерінде «Адал жол» эстафеталық марафоны аясында кеңес отырысы өтті. Жиынға аудандық білім бөлімінің әдіскерлері мен мектеп мұғалімдері қатысты. Аудан әкімі аппараты мен білім бөлімі басшыларының бекіткен іс-шара жоспарына сәйкес өткізілген шараның мақсаты білім саласындағы сыбайлас жемқорлық жағдайларының алдын алу болды. Жиын барысында мұғалімдердің сағат жүктемелерін жұмыс өтіліне, санатына, базалық біліміне сәйкес біркелкі бөлу және ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері сөз болып, білім беру мекемелерінде құрылған «Адал ұрпақ» еріктілер мектеп клубтарында тәрбиелік, адалдық және рухани бағыттағы жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтылды. Отбасында адал сіңірген еңбек ұлттық тәрбие негізі, адамгершілік пен әрекеттің өзегі ретінде үстем болуы тиіс.
Жастарға мектеп және жоғарғы оқу орындарының қабырғасында біліммен қоса дұрыс тәлім-тәрбие беріп, имандылыққа, адалдыққа, патриоттық сезімге баулу бүгінгі күннің басты талабы болып табылады. Шараға қатысқан ұлағатты ұстаздар «сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болашақ ұрпақты қазақстандық отансүйгіштік рухында тәрбиелеу және сыбайлас жемқорлықты қабылдамау жалпыға бірдей күш-жігердің арқасында қол жеткізіледі» деген ойларын жеткізіп, ұлт болашағын тәрбиелеуде бірлесе жұмыс жасайтындарына сенім білдірді.