Жақында Мақтарал ауданының әкімі Бақыт Асанов ауданды аралап, халықты не мазалайды, олар не күтеді, Елбасы Жарлығымен бөлінген бұл ауданда нендей өзгерістер орын алып жатыр, бәрімен танысып, тұрғындармен ой бөлісті.
Аудан әкімі атакенттіктермен арнайы жиын өткізіп, тұрғындарды мазалап жүрген сұрақтарға жауап берді. Атакент кентіндегі ең өзекті деген ауыз су мәселелсін шешу үшін АПЗ және ЖСҚ құжаттары дайындалып, келесі жылы құрылысы басталғалы тұр. Бұған дейін кентте 3-4 көшеге ғана асфальт төселсе, келесі жылдан бастап 6-7 көшеге дейін асфальт төселетін болады. Сол сияқты ішкі көшелерге жарықшам орнату, аяқжол салу жұмыстары да 2 есе артады.
Аудан әкімі тұрғындар саны күрт өсіп келе жатқан кентте 1200 орындық мектеп салу үшін жер қарастырылып жатқандығын жеткізді.
- Біз Мырзакент пен Атакентті қатар дамытатын боламыз. Ол үшін жоба-жоспарларымыз бар. Бір кездері атағы Мәскеуге жетіп, қаншама жылдар бойы экономикалық көрсеткіштері бойынша оқ бойы озып тұрған Мақтааралды қайтадан жасақтайтын боламыз, - деді Бақыт Нәсірханұлы.
Мақтаралда өмір қыз-қыз қайнап жатыр. Алдағы уақытта аудан зор қарқынмен дамымақ.