Бүгінде денсаулығында кінәраты бар азаматтар өзге діни ағымдарға өтіп кетіп жатады. Себебі, денсаулығы болмаған адам өмірден күдер үзе бастайды. Кереғар діни ағымдағылар сондай үмітсіз адамдарды өз қатарларына қосып алуға тырысады. Міне, теріс діни ағымдармен күресте адамдар ең бірінші өз денсаулықтарын күту керек екен. Сергек, сау адам – ешкімнің жетегінде кетпейді. Бұл жөнінде бүгін Түркістан жоғары медицина колледжінде "Түркістан облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы" ЖШС және "Қоғамдық денсаулық сақтау институты" ЖМ-нің ұйымдастыруымен "Дені сау жас ұрпақ - Қазақстанның әл-ауқат кепілі"атты ғылыми - практикалық форумда кеңінен айтылды. Форумға Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу - профилактикалық бөлімінің бас маманы Г.Бахаева, жастармен және жастар қоғамдық бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы – А.Сундетов, Түркістан облыстық дін істері басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ- нің маманы Б.Нуритдинов және колледж студенттері мен оқытушылары қатысты.
Кездесуде салауатты өмір салтын қалыптастыру темекі тарту, алкогольді ішімдіктерді пайдалану, нашақорлыққа қарсы күрес пен діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес туралы баяндамалар жасалынды. Денсаулық пен дінді астастырған бұл форум жастарға зор әсер сыйлады. Олар діни ахуалдың өте тереңде жатқанын білді.
Кездесуде студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар тарапынан нақты жауаптар берілді. Кездесу соңында Дін мәселелерін зерттеу орталығы тарапынан дайындалған кітаптар студенттерге таратылды.