Түркістанда 4200 педагогтың айлық жалақыларына санаттарына қарай 30-50 пайыз үстемақы төленіп жатыр. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында тұңғыш рет өткізген көшпелі баспасөз конференциясында мәлімдеді деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы баспасөз жиынында Түркістан облысының білім саласына енгізген JUMYS.SITCEN.KZ жүйесін Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі республикада ең үздік жүйе ретінде таңдағанын айтып, қазір басқа өнірлерге тарату мәселесі қолға алынғанын жеткізді. Нәтижесінде, жаңартылған білім беру мазмұнымен сабақ беретін 32 532 педагогтың айлық жалақысына қосымша 30% қосылған. Бұдан бөлек, ол осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа формат бойынша 4 200 педагогтың айлық жалақы санаттарына қарай 30-50 пайыз үстемақы төленіп жатқанын да мәлімдеді (1 млрд. 67 млн. теңге қаралған).
Облысымызда 468 197 оқушы қамтитын 902 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында жалпы 60 555 педагог кадрлар қызмет етеді (2017 жылы – 55147), өткен жылмен салыстырғанда 5 408-ге өсті.
Сондай-ақ, отырыста облыстың медицина саласындағы жаңалықтар да жария етілді. Яғни, алғашқы медициналық санитариялық көмек (АМСК) деңгейінде басымдықты және негізгі ауруларды басқаруды қамтамасыз ету мақсатында Түркістанда облысында Ауруларды басқару бағдарламасы (бұдан әрі - АББ) енгізілуде. Ағымдағы жылы Түркістан облысының 23 алғашқы медициналық санитариялық көмек (АМСК) ұйымдарында үш нозология бойынша ауруларды басқару бағдарламасы енгізілген.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бағдарлама аясында медицина қызметкерлерін оқытып, сертификат алғандарға жалақысына 20 пайыз қосымша ақы төлеу арқылы кезең-кезеңімен өсіру жоспарлануда.