Бүгінде IT саласы жоғары сұранысқа ие болып келеді. Бұл заман талабы болып отыр. Заманауи ақпараттық технология жөнінде білімі бар азаматқа түрлі мемлекеттерден, түрлі компаниялардан жиі сұраныс келеді. Осыған орай, елімізде ақпараттық-технологиялық ілімді үйрету – басты назарда. Қазақстан әлемдік нарыққа білімді мамандары арқылы шыға алады.
Аталған мақсатқа жету үшін "Нұр Отан" партиясының хатшысы Қ.Жұмашев Түркістан облысы, Түлкібас ауданына ат басын бұрып, аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылында орналасқан Абай атындағы мектеп-лицейіндегі IT-сыныптың жұмысымен танысып қайтты. IT- сыныптың жұмысымен танысуға партия хатшысынан бөлек, "Нұр Отан" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов келіп қатысты. Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Е.Күзембаев, Аудандық білім бөлімінің басшысы Ш.Айнақұлов қатысқан кездесу барысында сынып оқушыларымен аз-кем сұхбат жүргізіліп, сынып жұмысы бойынша IT- сынып жетекшісінің қысқаша баяндамасы тыңдалды.
Сонымен қатар сыныпты ашу бойынша ұйымдастыру жұмыстарының барысы туралы "Нұр Отан" партиясы Түлкібас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Нұранов сынып жұмысымен таныстырды.
Кездесу барысында "Нұр Отан" партиясының хатшысы Қ.Жұмашев:
– Партияның мақсаты барлық жастарды IT саласының маманы ету емес, баланың шығармашылық ұмтылысын шыңдап, заманауи технологияларды, оның тілін, жұмыс жасау принципін түсіне біліп, өзінің болашақта таңдаған мамандығы бойынша жұмыс барысында қолданатындай жағдай жасаумен ұштас. Сыныпқа келуші бүлдіршін болашақта археолог немесе әдебиет саласының маманы болуды таңдауы мүмкін, бірақ осы сыныпта алған білімін жұмыс барысында қолдана алса, бұл біздің ортақ жеңісіміз болмақ. Осы жеңіске жету үшін партия әрқашан қолынан іскелетін жасқа қол ұшын созуға әзір, – деді.