Жетісай ауданында мақта теру науқаны аяқталуына санаулы күндер қалды. Қазіргі таңда аудан бойынша 48226,8 гектар мақта алқабынан 126 мың 192 тонна шитті мақта жиналды. Бұл жөнінде аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ақ алтынның түсімділігі әр гектарынан 26,2 центнерді құрады. Жалпы жиналған мақтаның 75 пайызы комбайнмен терілді. Ауданға қарасты Ж. Ералиев, Атамекен, Мақталы, Қарақай ауыл округтері ақ алтын жинауда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
Сондай-ақ, биылғы жылы мақта зауыттары мен қабылдау бекеттерінде шитті мақтаның бағасы 180 мың теңгеден белгіленіп, 188 теңгеге дейін көтеріліп, шаруаларға біршама қолғабыс болғанын айта кету керек.
Биыл Жетісай ауданында 77274,6 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 15019,5 гектарға бақша дақылдары, 3172 гектарға көкөніс, 1000 гектарға жаңа жоңышқа, 85 гектарға картоп, 85 гектарға маш, 85 гектарға күнбағыс, 1480 гектарға сүрлемдік жүгері, 4378 гектарға дәндік жүгері, 437 гектарға күріш, 4120 гектарға көпжылдық екпелер егілген.
Биылғы жылы аталған дақылдардан 426159 тонна бақша, 85020,7 тонна түрлі көкөністер, 9186 тонна жаңа жоңышқа, 1459 тонна картоп, 2685 тонна күріш, 205 тонна күнбағыс, 24015 тонна дәндік жүгері, 158 тонна маш, көпжылдық екпелерден 72061 тонна өнім алынып отыр.
Былтырғы жылмен салыстырғанда бақша 55627,3 тоннаға, көкөністер 19230,4 тоннаға, дәндік жүгері 8881,6 тоннаға, мақта 2609,6 тоннаға артығымен өндірілген. Десек те, ауданда күзгі жиын-терім жұмыстары ішінара жалғасуда.
Осылайша, биыл Жетісай ауданы жиын-терім маусымын зор жетістікпен аяқтады. Аудан халқы мерейлі болып, Түркістан өңірінің ғана емес, республика көлемінде агросектордың дамуына өз ықпалын тигізді.