Облыстық дін істері басқармасы мен аудан әкімдігінің арасында аудандық ақпараттық түсіндіру топтарының ауыл тұрғындары мен мектептерде кездесу жоспарлары бекітілген кестесіне сәйкес Созақ ауданында жыл басынан 200-ге жуық кездесу өткізілді. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында дін саласына қаражат бөлініп, бүгінгі таңда аудан көлемінде «Мемлекеттің зайырлылық принциптері» тақырыбында кездесулер жүруде. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, кереғар діни ағымдар ықпалынан сақтандыру мақсатында «Жастар діни экстремизм мен терроризмге қарсы» акциясы өткізілді. Онда Созақ ауданының белсенді жастарынан құралған мобилді топ Шолаққорған ауылының адамдар көп шоғырланатын орындарында үнпарақтар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бұл жайында «Уақыт» газетіне сұхбат берген Созақ ауданы әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды айтып өтті.
Облыстық Ж.Шанин атындағы драма театрының өнерпаздарын шақыртып, «Адасқандар» тақырыбында Шолаққорған ауылы мен Таукент кенттеріндегі мәдениет үйлерінде сахналық қойылымдар көрсетілді.
- «Заң және зайырлы қоғам» тақырыбында «Мыңжылқы» мәдениет үйінде семинар болып өтті. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі-облыстың бас мешіті жанындағы «Ақылдастар алқасы» мен облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген мәжілісіне қатысушылардың «Ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері» бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы халқына арнаған Үндеуін талқылау жиналысы болып өтті. Ауылдарда Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер жөніндегі» заңнамасы түсіндірілді. Созақ ауылында «Мемлекеттің зайырлылық принциптері» тақырыбында аудандық форум ұйымдастырылды. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауданда діни тұрақтылықтың ауаны айқын байқалады – дейді Ақәділ Болатұлы.