Жастарға дәстүрлі дін жайында кең көлемді мәлімет беру - керағар діни ағымдардан сақтандырады, ал діни – рухани құндылықтарды дәріптеу, ислами сауаттарын артырары анық.
Жетісай аудандық «Нұғман» мешітінде қыз-келіншектер секторының ұйымдастыруымен «Дінім – асыл қазынам» атты тақырыпта білім сайысы өтті.
Сайысқа мешітте дәріс алушы шәкірттер және қыздар жамағаты қатысып, бақ сынады.
Жарыс барысында Пайғамбарымыздың (с.а.с) өмір баянынан, Құран Кәрімді мәнерлеп оқу ережелерінен, Сенім және ахлақ (көркем мінез) дәрістерінен сұрақ-жауап алынды. Жиынды Аудандық «Нұғман» мешітінің ұстазы Умид Давронұлы ашып, жарысқа қатысушыларға Ислам дінінің қадір-қасиеті жайлы, адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.с) жайында əңгімелеп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
Сыннан сүрінбей өткен бір топ шәкіртке бас имам атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар Рухани кеш ұйымдастырылды. Көрерменге ұсынылған əсерлі көріністер мен бейне-баяндар жамағат жүрегіне жылу ұялатты. Сайыстан соң, дастарқан жайылып ас берілді.