Созақбай Әбдіқұлов: Жерді алға тартып, жастарды адастыруға болмайды

-Уақтысында жер реформасынан туындаған текетірестен кейін премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов жетекшілік еткен Үкіметтің отставкіге кеткені белгілі. 2016 жылы өңірлерде жерді жаппай сатуға, шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға қарсы митингілер өтті. Бірқатар министрлер қызметтерінен кетті. Жуырда жер жөніндегі заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Қоғамда осыған қатысты алаңдаушылықтардың бары рас. Бұл қаншалықты негізді деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, жерге қатысты алаңдаушылықтар, наразылықтар түсінбестіктен туындап отыр. Қоғам белсенділерінің өздері де заңға енгізілген өзгерістерді жақсы білмейді. Бірақ осыған қарамастан митингі өткізуге рұқсат сұрайды. Мұның артында Қазақстандағы тыныштықты шайқауға мүдделі топтардың тұрғанын аңғару қиын емес деп есептеймін. Олар қоғамды дүр сілкіндіретін нәрсені іздеп жатыр. Әр нәрсені сылтауратып, халықтың тамырын басып көргісі келеді, бұған биліктің реакциясының қандай боларын білгісі келеді. Теріс мәліметтер беру арқылы халықты, әсіресе, жастарды көшеге алып шығуды көксейтін сияқты. Жерді алға тартып, мемлекетіміздің ертеңге тұтқасы, келешегі жастарды адастыруға болмайды. Жалпы жерге қатысты туындаған мәселелерді алаңда немесе көшеде емес, кабинетте отырып, өзара кеңесе отырып шешкен жөн. Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдың 4 мамырында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Бұл заң 2016 жылы Парламент депутаттарының, орталық уәкілетті органдардың, қоғам қайраткерлері мен азаматтық қоғам белсенділерінің қатысуымен арнайы Жер реформасы бойынша комиссияның жұмысының қорытындысы негізінде әзірленген.

-Енді осы заңның енгізілген өзгерістерге кеңірек тоқтала кетсеңіз.

-Заңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке сату және шетелдіктерге жалға беру туралы бірде-бір нормалар жоқ. Керісінше, ауыл шаруашылығы жерлерін беруге енгізілген мораторийдің шеңберін кеңейту қарастырылып отыр. 1 пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады.

Жер беру тәртібінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету және жемқорлықты болдырмау үшін конкурсқа қойылатын жерлер тізбесін бекіту, оны міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісу, жер комиссиясының құрамына 50 пайыз қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін енгізу қарастырылған. Бұлар депутаттар, қоғам белсенділері, ауыл билері болуы мүмкін. Яғни, жер берудің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Қоғам жергілікті атқарушы органның кімге, не мақсатта жер бергенін біліп отыратын болады.

Заңға енгізілген өзгерістер бойынша жергілікті атқарушы орган шаруаларға берілген жерлердің қаншалықты тиімді игеріліп жатқанын бақылай алады. Суармалы, тәлімі және жайылым жерлерді белгілі мерзім аралығында тексеріп отырады. Тексеру барысында жердің құнарлылығына баса мән беріледі. Егер шаруаның пайдаланып жатқан жері тозып, құнары кеміп бара жатса, бұл жерді қайтадан мемлекетке алып қоюға негіз бола алады. Керісінше, жер тиімді пайдаланылса, бұл жалға беру мерзімінің ұзартылуына негіз болуы мүмкін. Осы жерде айта кетейін, 2018 жылы облыста ауыл шаруашылығы мақсатына берілген жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде есепті кезеңде 454 агроқұрылымның иелігіндегі жалпы 83,5 мың гектар жердің өз мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқандығы анықталды. Оның ішінде жалпы егістігі - 4,8 мың гектар (оның ішінде суармалысы - 4,4 мың гектар), жайылымы - 78,5 мың гектар, шабындығы - 164 гектар. 67,0 мың гектар (314 шаруа қожалыққа тиесілі) жердің құжаттары облыстық жер инспекциясы басқармасына шара көру үшін жолданды. Өкініштісі, түгендеу жұмыстары Бәйдібек, Мақтарал, Ордабасы, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласында жүргізілмей отыр.

-Бүгінде Шымкент қаласында тұрғын үй салу мақсатындағы жер телімдері өте өзекті. Осыдан 3-4 жыл бұрын қаланың аумағына Сайрам ауданынан енгізілген жерлердің ту-талақайға түскені жасырын емес. Соның нәтижесінде бір басында 200 жер телімі барлар кездеседі. Ал біреулер үй салу үшін тоқымдай жерге зәру...

-Облыста жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін сұрап кезекке тұрған азаматтарды саны 220 мыңнан асып отыр. Олардың басым бөлігі Шымкент қаласында– 120 376 немесе– үлеске шақсақ 54,5 пайызды құрайды. Облыс орталығында жерге өтініш берген азаматтардың саны 2004 жылдан бері өсіп келеді. Ал әкімдік тарапынан жер телімі соңғы рет 2006 жылы берілген. Тұрғын үй салу мақсатындағы жерлер тек инфрақұрылымы тартылған аумақтардан ғана берілуі тиіс. Қалада жер берудің тоқтатылуы Жер кодексіне енгізілген осы талаптармен байланысты. Бір жағы беретін жер жоқ. Шымкенттің айналасындағы жерлер жекеменшікте. Ал Жер кодексіне сәйкес жекеменшіктегі жерді мемлекет мұқтаждығына алудың өз тәртібі бар. Мұндай жерлер тек әлеуметтік маңызы бар мектеп, балабақша, жол сияқты нысандар үшін ғана алынатын. Жекеменшіктегі жерді алып, жекеменшіке беруге болмайтын. Енді

заңға енгізілген жаңа нормаларға сәйкес мемлекет елдімекеннің айналасындағы жалдағы және жекеменшік жерлерді мемлекетке қайтарып, мақсатын өзгертіп, инфрақұрылым тартып, жер кезегінде тұрған азаматтарға бере алады.

-Ауыл шаруашылығы жерлерін 8-10 сотықтан бөлшектеп сатудың соңы бірқатар әлеуметтік проблемаларды туындатқаны белгілі. Баспана салып қойған жерін заңдастыра алмай жүргендердің басым бөлігі осылар. Мұндай келеңсіздікті болдырмаудың жолы қайсы?

-Ауыл шаруашылығы жерлерін бөлшектеп сатудың алдын алу үшін шектеулер 2014 жылы енгізілген. Облыс әкімі және мәслихаттын бірлескен шешімімен ауыл шаруашылығы жерлерінің ең төменгі шекті нормаларын белгілегенбіз. Ол әр ауданның ерекшелігіне сәйкес жасалған. Мәселен Сайрам ауданында суармалы жерді -1,2 гектардан, тәлімі жерді-5 гектардан, жайылым жерлерді -10 гектар төменге бөлшектеуге болмайды. Бұрынғыдай 2 гектар жерді 8-10 сотықтан бөліп, одан кейін саудаға салу, ақыр аяғында ол жерге пайдалану нысанын бұза отырып тұрғын үй салудың жолы кесілген.

-Егер құпия болмаса, айтыңызшы, облыста жерді жалға алған қанша шетелдік бар?

-Облыста үш жер учаскесін шетелдіктер жалға алып, пайдаланып жатыр. Бәйдібекте арабтар жалға алған жерлерінде дуадақ өсіру шаруашылығын құрған. Ал Отырар ауданындағы жер учаскесін араб азаматтары өзара келісім бойынша пайдалануда. Негізі бұл жер Қазақстан азаматының иелігінде. Арабтар одан жерді жалға алған. Сондай-ақ, Төлеби ауданындағы Сайрамсу шатқалындағы жер телімін түристік бағытта шетелдіктер жалға алу негізінде пайдалануда. Атап өтері бұл жерлердің бәрі шетелдіктерге тек жалға берілген. Келісімдер президенттің жариялаған мораторийіне дейін жасалған. Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы жарияланған мораторий бойынша Қазақстанда 2021 жылға дейін шетелдіктерге жерді жалға беруге, ал өз азаматтарымызға сатуға тыйым салынған. 2021 жылға дейін жер қазақстандықтарға тек жалға беріледі.

-Жасыратыны жоқ, елдімендерде жерге қатысты дау-дамайлар қалталылардың халықтың мал жаятын жерлерін сатып алып қоюдан шығып жатыр...

-Иә, мұны жоққа шығаруға болмайды. Жергілікті тұрғындардың жеке аула малының саны жыл сайын өсуіне байланысты Заң жобасымен жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында елді мекендер айналасында жайылым алаңдарын айқындайтын норма көзделген.

Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды жалға беруге тыйым салынады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы жерлерін үлкен көлемде «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында, әр облыстың әкімшілік аудандары шегінде ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген. Бір қолға берілетін жерлердің мөлшері мәслихаттар мен әкімдіктердің бірлескен ұсынысының негізінде Үкіметпен бекітілетін болады. Бұл шектік мөлшерін айқындау үшін тиісті Есептеу әдістемесі әзірленді.

Мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары ешкімге берілмейді, тек жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Ал шекаралық аумақта орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарға немесе құрамында шетелдіктер бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Бұл аумақта орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек қазақстандықтарға ғана жалға берілетін болады.

-Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Бақытжан Әбдірашұлы,

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер