Интернетті ашып жіберіп, іздеу жүйесіне «Работа в Корее» немесе «Кореяға» деп толық жазбастан тере салсаңыз, сізге небір жұмыстарды ұсынушылар атып шыға келеді деп хабарлайды El.kz тілшісі Айсұлтан Жақыпов.
Мың рет естігенше бір рет көзбен көрген дұрыс қой. Қазекем «Естігенің өтірік болар, көргеніңді айт» деп бекер айтпаса керек-ті. Сіздерді жұрттың алып-қашпа әңгімелерімен емес, өз сыныптасым Серғалым Кейковтың оқиғасымен таныстырмақпын.
Серғалым қазір Алматыда тұрады. Ол Оңтүстік Кореяға бармай тұрып та шағын бизнесін дөңгелетіп жүрген жігіт.
— Жат жұртқа жұмыс іздеп барып барлық құжаттарынан айрылып қалатындар кездеседі. Бұл жағынан не айтасыз?
— Өзіме жекелей келер болсам ондай мәселе туындамады. Ондай оқиғаларды естіп те, көріп те үлгердім. Бір дәмханада тамақ ішіп отырғанбыз. Сол жерде тамақтанып отырған өзбек азаматын көрдім. Көршілес ел болған соң жақын тартып, әңгімегелесіп кеттім. Ол өзінің Өзбекстаннан келгенін, күніне елу доллар табатынын айтты.
Ал, біз күніне жүз доллар тауып жүрген адамдармыз. Неге осынша төмен айлық алатынын сұрастырсам Кореяға делдалдар арқылы келген екен.
Делдалдарына үш мың доллар берсе ғана құжаты қолына тиіп, жақсы табыс табатын жұмысқа кете алады.
Бұл жерде оған делдал болып отырған кәріс азаматтары емес, өздерінің өзбектері екенін де айта кетуім керек. Мінекей, ол жаққа әбден көзің жеткен таныстар арқылы бармасаң сорлап қалуың ықтимал.
— Ол жақтағы жұмыс сағаттарыңыз қанша болды?
— Заводтағы жұмыс сағатымыз таңғы сегізден кешкі беске дейін еді. Ал, кешкі бестен кейін қалып істер болсаңыз сол уақыт аралығында ақшаңды екі есеге артық төлейді. Біздің елден безіп, жат жерге барғандағы мақсатымыз да ақша табу ғой. Сондықтан да бестен сегізге дейін қосымша жұмыс істеп жүрдік. Табысымыз да соған сәйкес төленіп тұрды.
Орта есеппен ол жақта айына екі жарым-үш мың доллар табуға болады.
Заводтарда айына мың сегіз жүз-екі мың доллар төлейді. Ал, егіс алқаптарында одан көбірек айлық төленеді. Орта есепті айға емес күнге шағар болсақ 90-100 доллар алып отырасыз.