Орыстар не себепті Қазақстанды тастап, Ресейге көшіп жатқаны белгілі болды

Screenshot_2.jpg

Статистика комитетінің дерегінше, былтыр Қазақстаннан 37 725 адам көшкен. Оның 32 874–і  Ресейден қоныс тапқан. Төлқұжат ауыстырғанның 72,3 пайызы орыс екен.

Осы мәселе көршінің мазасын қашырып отырған сыңайлы. Қазақстаннан Ресейге көшкен орыстардың жылы орнынан жылжығанын кімнен, неден көрерін білмей дал.

Ресейлік БАҚ бұл тақырыпты қазірден-ақ қаужауға кірісіпті.

«Правда» газеті: «Орыстар неге көшіп жатыр? Оларды не түлен түртті? Олардың тағдырына алаңдайтын негіз бар ма?» деген сауалды төтесінен қойыпты.

Оған Ресейдегі Аймақты мәселелерді зерттейтін институт директоры Дмитрий Журавлев жауап беріпті.

– Қазақстаннан орыстар ғана емес, өзгелері де кетіп жатыр. Ресейге көшкен 32 мың орыс пайызға шаққанда теңізге тамған тамшыдай ғана. Орыстар Қазақстаннан үдере көшіп жатыр деуге негіз бола алмайды.

Қазақстанда тұратын орыстың саны 3,5 млн. Демек, былтыр Ресейге осындағы орыстың бір пайыздайы ғана қоныс аударған

– дейді ол.

Журавлевтің айтуынша, жалпы соңғы кезде орысы бар, басқасы Қазақстаннан кетіп жатқандар көбеюде. Биылдың алғашқы 6 айында Қазақстаннан көшкендердің саны былтырғы жылдың осы аралығындағы көрсеткіштен 15 пайызға артық.

– Атажұртына оралған орыстың саны анау айтқандай ауқымды емес. Қазақстаннан Ресейге көшкен орыс саны жағынан ТМД-дағы өзге елге қарағанда көп төмен.

Бір ғана мысал: Өзбекстан. Кеңес уақытындағы халық санағына сай, 1989 жылы Өзбекстанда 1 млн. 660 мың орыс тұрған.  Содан бері Өзбекстанда халық санағы жүргізілген жоқ. Бірақ, кейбір дерекке қарағанда мұндағы орыстың саны миллион адамға азайған. Екі жарым есе қысқарған.

Бір қызығы, орыстар Өзбекстаннан көшіп жатыр деп шу көтерген адамды көрген жоқпын, – дейді Журавлев.

Оның пікірінше, отанына оралып жатқан орыстарды сөгуге болмайды.

– Оларды өзіміз шақырдық қой. Мәселе Қазақстанда емес, Ресейде.  Жерлестерді атамекенге оралту туралы бағдарламаны қабылдаған өзіміз. Мұны естіген Қазақстандағы орыстар дүр көтерілді. Бағдарламаның алғаш игілігін көрген де солар. Көріп те жатыр. Бағдарлама 2005 жылдан бері бар.

Мұнымен тоқтаған жоқпыз. 2012 жылы бағдарламаның екінші кезеңін ісқе қостық. Сол жылдың күзінде Путин жерлестерді отанына оралту туралы құжаттың кем-кетігін түзеп, оны біржолата қолданыста болатын, мәңгілік мерзімді жобаға айналдырды, –  дейді ол.

Міне, сол жылдан бастап Ресейге көшкен орыстың саны күрт өсіпті.  Ал Журавлев болса, себепті Қазақстаннан емес, Ресейдің өзінен іздеу керек дейді.

– Орыстың тарихи отанына оралуына Ресей билігінің өзі септесті. Қабылданған шаралар нәтижесін берді. Кейбір сарапшылардың сөзі тырнақ астынан кір іздеу. Ақылға салып сөйлеу керек.

Оң-солымызды бажайлап, мына сауалдарға ашық жауап бергеніміз абзал:

Біз ТМД-ның түкпір-түкпірінде тарыдай шашырап жатқан орыстың елге қайтуын қалаймыз ба, жоқ па?

 Қалайтын болсақ, атажұртына оралған орыстың саны көбейіп жатқанына неге қуанбаймыз?

 Қазақстаннан Ресейге көшкен орыстар үшін не себепті қазақтарды кінәлаймыз? Олардың бұған қатысы қанша? ТМД кеңістігіндегі орыстарды отанына оралту туралы бағдарламаны қабылдаған өзіміз емес пе?

– депті Журавлев.

Оның пікірінше, Қазақстаннан Ресейге көшкендердің көбеюіне тағы бір себеп бар.– Ресейде Қазақстаннан келген 70 мың студент оқиды. Бұларды шақырған да тағы сол өзіміз. Орыстілді студенттің көпшілігі оқуын аяқтағасын Ресейде қалғанды хош көріп жатыр.  Ресейдегі өмір деңгейі Қазақстанға қарағанда аз да болса жоғары. Осында оқып-тоқыған жастар мұны бірден байқайды. Мұндағы ағайын-туғанына қыдырып келетін Қазақстандағы өзге де орыстар Ресейдің көші ілгері екенін көріп жүр. Атажұртқа оралудың астарында тұрмыстық фактор да бар, – дейді.

Ал отанына оралып жатқан орыстың көпшілігі ол жаққа тез сіңісіп кетеді екен.

–  Себебі,  тілдік кедергі жоқ. Тіл ортақ жерде ұлтаралық араздық орын алады деп алаңдамайсың. Жаңа ортаға бірдей бейімделесің. Отаныма оралам дейтін орысты ойынан айнытқан жөн емес. Олардың қалауына құрметпен қарауымыз қажет.

Иә, саяси тұрғыдан Қазақстандағы орыстың үдере көшуінен Ресей ұтылады. Екі елді байланыстырып отырған да осы фактор ғой.

 Қазақстандағы орыстың саны азайып, ақыр соңы моноұлтты мемлекетке айналса, екі ел арасындағы тарихи, мәдени байланыс біржолата үзіледі. Бұл әзір жасырын жатқан проблемаларды пайда болғызады.

Мұны Қазақстан билігі де жақсы түсініп отыр. Осы себепті орыстың, өзге де диаспораның Қазақстанда қалып, осы елде өсіп-өркендеуін қалайды, – деген екен Журавлев.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ

Дереккөз: Dalanews.kz 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер