Қазақ халқы «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген екен. Ып-рас сөз. Бұл дүниеден көзі кетсе де, ел есінен әлі күнге дейін шыға қоймаған жақсылар мен ғалымдар жетерлік. Соның бірі – Әбжапар Жылқышиев. Жалпы, кез-келген жанға қос істі атқару қиын соғады. Ісінің бірі өрге жүзсе, екіншісі қожырап қалып жатады. Десе де, Әбжапар аға қызметте де, әдебиет саласында да абыройлы атана білді.
Оның еңбек жолы Жамбыл облысы Луговой аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болудан басталып одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданында, облыстық партия комитетінде жауапты әрі басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Осынша қызмет істегеніне қарамай, ол шығармашылыққа да уақыт таба білді. Оның «Мешін жылы», «Тақталас», «Сұлутөр» сынды кесек дүниелері талай оқырманын сүйсінтіп, әдебиетшілерді таңдай қақтырды.Егер Әбжапар аға тірі болғанда, биыл ғасыр жасаған абыз ақсақал болар еді. Бірақ, тағдыр жазбапты. Қуаныштысы сол, артында отын өшірмей отырған бала-шағасы қалды.
Өткен аптада Шымкентте Әбжапар атаны еске алу іс-шарасы өтті. Іс-шара таңертең Қазыбек би мен Ә.Жылқышиев көшелерінің қиылысындағы барельеф ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, кезінде Оңтүстік Қазақстан облысын іскерлікпен басқарған Болат Жылқышиевтың бастамасымен ұйымдастырылған бұл жиынға республиканың түкпір-түкпірінен жазушының көзін көрген замандастары, қоян-қолтық жұмыс істеген әріптестері, жанашыр достары, оқырмандары, зиялы қауым өкілдері арнайы ат арылтып келді. Олар тәтті естеліктермен бөлісті. Замандастарының айтуынша, қылышынан қам тамған империя кезінің өзінде-ақ бойында ұлттық рух пен болмысты сақтап қалып, ең бірінші кезекте туған елі үшін, кіндік қаны тамған жері үшін еңбек еткен. Ол қазақ халқының тарихын қорықпай ақтарып, жарық дүниеге сүйекті дүниелерді алып келді. Оның жазғандарынан еркіндік анық аңғарылып тұрды. Кең-байтақ далада өскен Жылқышиевтың жаны азаттықты аңсады. Ол діні де, ділі де бөлек өзгеге тәуелді болмай, өз ережесімен, өз қағдиасымен өмір сүргісі келді. Аудандарды басқарып жүрген кезде ол әрқашан өз халқының намысын биік қойып, ешкімге жығып бермеді. Жігерін жасытпады. Ескерткіші маңында мықты азаматтығы жөнінде талай естеліктер айтылды.
«Азамат. Қаламгер. Қайраткер» атты еске алу іс-шарасы орыс драма театрында жалғасын тапты. Мұнда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков әке алдындағы титтей де болса перзенттік парызын өтеуді мақсат тұтқан Болат және Нұрлан Жылқышиевтарға жылы лебізін білдіріп, облыс әкімінің арнайы хатын оқып берді. Ұласбек Сәдібеков Болат Әбжапарұлына облыс әкімінің арнайы сыйлығын сахна төрінде салтанатты түрде табыстады. Еске алу іс-шарасы асқа жалғасты. Аста зиялы қауым өкілдері Әбжапар Жылқышиевтың рухына Құран бағыштады. Жазушы Еркінбек Тұрысов:
– Жақсының аты қашанда жария болып жүрері анық. Өзі өлсе де, өшпес мұра – шығармашылық еңбектері қалған Әбжапар Жылқышиевтің есімі ұмыт болмайды, - деп ағынан жарылды.
Ұласбек СӘДІБЕКОВ:
Қаламының ұшы ақиқатқа суғарылған
– Әбжапар Жылқышиев бар ғұмырын елінің болашағына арнаған зиялы азамат ретінде баршамызға танымал. Өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамда белсенділігімен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие болған ірі тұлға. Қызметтің ең қызықты да қиын салаларын атқарып абырой-беделге ие болды. Дарынды ұйымдастырушының қоғамның дамуына бағыттаған ерен еңбектері еліміздің нығаюына өзіндік үлесін қосты. Табиғатынан дарыған жазушылық өнер киесін ардақтай білген ол оны көзінің қарашығындай қорғап, жанында берік сақтаған. Бұл арлы, жігерлі, қайыспас тұлғаға тән қасиет. Қаламының ұшы ақиқат пен рухани бостандыққа суғарылған жазушы әдебиет туындыларын дүниеге әкелді. Жазушының ешбір жасандылығы жоқ, шынайы суреткерлік шеберлігі мен сөз байлығы оқырмандардың жан дүниесіне кең даланың кәусар лебіндей жайлы еді. Қайнаған еңбек ортасында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, артында жағымды істер мен із қалдырған Әбжапар Жылқышиев бүгінгі және келешек ұрпаққа үлгі боларлық тұлға екені баршамызға аян. Өмірі, еңбек жолы облыс тарихында алтын әріптермен жазылған тұлғаны бүгінгі ел азаматтары ұмытпақ емес.
Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
Тазалығы мен тектілігі, бекзаттығы да-бәрі табиғи шынайы
– Әбекеңнің өмір жолына көз жіберіп, көңіл жүгіртсеңіз қайран қаласыз. Әкесінен ерте айрылып, жастайынан анасы мен інісінің қабағына қарауы, ауыр еңбек, «халық жауы» атанып, айдалып кете жаздауы, Ташкенттегі училищені бітіруі, Ирандағы жауапты жұмыстар, сұрапыл соғыс, батальон командирінің саяси орынбасары, қан майданның алдыңғы шепте жүруі, қан қасап қырғынды көруі, қарудан от шашып, тізеден қан кешуі... Осылайша Берлинге дейін жету. Жоғарғы Азия мектебі, Шымкентке қызметке келу, 36 жасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайлану, 30 жыл ішінде 7 ауданды басқару, ең соңында облыстық партия комитеті тексеру комиссиясының төрағалығына сайлануы...
Аңдап отырсаңыздар, осы жиі айтылатын – адалдық, әділдік, тазалық, тектілік, бекзаттық деген сөздер қошемет үшін көп кісілерге қолданыла беретіні рас. Алайда бұл сөздер шын мәнінде кей кісілерге онша келе бермейді, жараса қоймайды. Сондайда көпшілік «соншалықты адал емес еді-ау, шынай емес-тұғын» деп айтып қалып жатады. Ал, Әбжаппар ағаның адалдығы да, әділдігі де, тазалығы мен тектілігі, бекзаттығы да – бәрі табиғи шынайы. Әбжапар ағаны көп зерттеген жазушы Роллан Сейсенбаевтың пікірімен сөзімді сабақтасам «Жылқышиев − өмірдегі өз бағасын жақсы білген адам. Ол кісінің бойында даңғазалық, өркөкіректік, ешқандай жасандылықтың ізі жоқ. Бұл асыл қасиеттері ол кісінің прозасына да тән.
Әбекең бұл дүниенің опасыздығын да жете таныған. Еш уақытта сейілмейтін қалың тұмандай болған адам бойындағы надандыққа қарсы суреткер ретінде сөз қозғады. Жауыздық, іштарлық, пасықтық, жершілдік, рушылдық сияқты тайпалық сана-сезімге жүрегінің бар қуатымен қарсы тұрды.
Әбекең секілді мәрт қазақ жер бетіндегі өз миссиясын адал, әділ орындап өтті. Әбекеңмен кездесу маған бұйырмапты. Бірақ, кітаптарымен оңаша сырласуым жазушының көзін көрмесем де, өзін көргендей әсер қалдырды». Осылай деген екен Роллан Сейсенбаев.
Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ:
Үйдің кенжесі болып әкеммен бірге тұрдық
– Әке дегенді ешкім ұмытпайды ғой. Ол тірі кезінде де, кеткен кезде де перзентінің жүрегінде жүреді. Әкеміз біздің мәңгі жадымызда. «100-ге келіп қалды, не істейміз?» деп ойландық. Атап өтпесек ұят болады. Себебі, ол кісіні Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысы кеңінен таниды. Жамбылда дүниеге келіп, еңбек жолын осында бастады. Оңтүстікте жалғастырды. Мұнда ол көптеген азаматтармен, Шерхан Мұртаза, Нәмет Сүлейменов, Әзілхан Нұршайықовтармен аралас-құралас болды. Құдайға шүкір еске алу іс-шарасы жоғары дәрежеде өтті. Парламенттің бірнеше депутаты, облыс басқарған азаматтар, көршілес облыстардан сыйлас кісілер, зиялы қауым өкілдері арнайы ат басын бұруы шындығын айтқанда ет-жүрегімді елжіретті. Баршасына алғыс айтамын. «Жақсы әкенің аты қырық жыл азық» деуші еді халық даналығы. Осы даналық сөздің дәл айтылғанын басымнан кешіріп жүрген бақытты жанның бірі менмін.
Мен үйде кенже бала едім. Мектепте оқып жүргенде-ақ, «сен осы үйдің кенжесісің. Сен осында тұрасың, келінді осында алып келесің» деп санама сіңірді. Қолында тұрып көп тәлім-тәрбиесін көрдім, өмірлік сабақ алдым. Таразға әкім болып кеткенше, әке-шешемнің қолында тұрдым. Құдайға шүкір, әкемнің көзі кеткен соң жазған-сызғанын жинап-тернеп сақтап жүретін шешем шөпшегін көріп кетті.
"Рейтинг" газеті