Әблязовтың "үмбеттері", Байзақова мен Нарчаеваның табынушылары кім?

u_79460ae88bf2b7160199bba7e2e7d19a_800.jpg

XXI ғасырда жаңа өркениет пайда болды. Бұл не қылған өркениет екенін айтпас бұрын, оның мәніне үңілсек. «Өркениет» ұғымына ғылыми тұрғыда «қоғамның материалдық және рухани жетістіктерінің жиынтығы» деген түсінік берілген. Бірақ, бұл қатып қалған анықтама емес. Өркениетке қатысты ойшылдар түрлі пікір білдіріпті. Мысалы, Ж.Ж.Руссо «өркениет – мәдениеттің ақыры, оның «кәрілік» шағы, руханилықтың антиподы» десе, Л.Морган «өркениет – тағылық пен варварлықтан кейінгі тарихи-мәдени саты» деп оған қарама-қайшы ой айтқан. Енді бірі материалдық даму десе, бірі рухани дамуды меңзейді. Осыдан-ақ, өркениетке қатысты нақты түсініктеме жоқ екенін аңғаруға болады. 

Виртуалды өркениет іргетасы қаланды

Сонымен, біз талқылағалы жатқан өркениетке біз виртуалды өркениет деген атау таңдық. Естеріңізде болса, 1990 жылдары жасанды сана орнатылған роботтармен айқасып өмір сүретін, тек компьютермен жұмыс істейтін адамдар жайлы фильмдер көптеп түсіріле бастаған болатын. Ол кезде бұл фильмдер бізге фантастика болып көрінуші еді. Бірақ, уақыт өте келе сол фантастикаңыз шындыққа айналды. Өндірісі қарапайым бесатардан атом бомбасына дейін дамыған XX ғасыр келмеске кетіп, XXI ғасыр – ақпараттық технологиялар заманы туды. Бұрынғы дәстүрлі іс-әрекет, қарым-қатынастар азайып, орнын өзге үрдістер алмастыра бастады. 

Сонымен, виртуалды өркениетке жетелейтін ақпараттық технология деген не? Қазір екінің бірі емес, бәрінің қолында телефон. Жай телефон емес, интернетпен жабдықталған ақылды телефон. Міне, ақпараттық технологияның ең басты ресурсы осы. Адам осы телефон немесе компьютер арқылы интернет торына шырмалады. Бұл – виртуалды әлем. Мұнда тұрғынды – қолданушы, оның осында өмір сүрген уақытын – онлайн дейді. Қолданушы виртуалды әлемде жаңа өркениетті қалыптастыруға күш салады. Мысалы, қолданушы ең бірінші кезекте әлеуметтік желіден аккаунт ашады. Бұл оның интернеттегі мекен-жайы. Мұнда ол туралы барынша мәлімет беріледі. Егер сіз Пәленше Түгеншеұлын іздесеңіз, оны іздеу жүйесіне жазып оп-оңай тауып аласыз. Нәтижесінде, бұрын жұрт көз жасын сығып отырып көретін ресейлік «Күт мені», өзіміздің «Бармысың бауырым» секілді телебағдарламалар жойылды. Әлеуметтік желілерде миллиардтан астам қолданушы тіркелді. Бұл дегеніңіз орасан күш.   

upl_auto_1497224838_1_3.jpg

Зомби-тобыр

Расында, Мұхтар Шаханов өте дарынды ақын. Оның өміршеңдігін жоғалтпайтын лирикалық өлеңдерінен бөлек, ұлт тағдырына, болашаққа алаңдап жазған-сызғандарының өзі бір төбе! «Өркениеттің адасуы» романында «Компьютербасты жарты адамдар» атты өлеңі бар. Бұл жерде компьютербасты жарты адамдар – тобыр. Яғни, сыни ойлай алмайтын, ақ-қараны ажырата білмейтіндер – танауына жіп байланған сиырдай жетекке тез ереді. Оларда өзіндік пайым-парасат болмайды. Көш бастаған серке қараны ақ десе, теңізді шөл десе, тобыр солай қабылдайды. Қазір тобырға қатысты зомби-апокалипсис деген термин пайда болды. Яғни, тобыр бір бұлыңғыр мақсатқа жұмылса, онда бұдан артық қауіп жоқ. Қоғамда апокалипсис орнайды. Себебі, көп қорқытады, терең батырады. 

Жалпы, тобыр барлық заманда болған. Бірақ, бұрындары тобырды жинау қиын шаруа еді. Ал, қазір тіптен оңай. Интернетке кірсеңіз болды, қалың нөпірге тап боласыз. Мысалы, өз басым қолдамайтын Мұхтар Әблязов деген саясаткер бар. Міне, сол Әблязовыңыз әлеуметтік желінің көмегімен соңына біраз жұртты ертті. Әблязов не дейді, бұл оның жанкүйерлері үшін көктен түскен сүреден кем емес. Өзі алыста отырып, қазақ халқын көтеріліске шығуға үгіттеуден шаршаған жоқ. Расында елде көтеріліс орнаса, онда бірінші кезекте зардап шегетін халық болмақ. Экономикалық тұрақтылық жойылып, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Өз мүдделерін жүзеге асыруды көздейтін державалар білгенін істеуі әбден мүмкін. Мысалы, кезінде айрандай ұйып отырған Ливия, Сирия деген елдеріңіз бүгінде бүлініп жатыр. Хусейн тұсында гүлденген Ирак әлі күнге есін жия алар емес. Жалпы, көтеріліс арқылы өркендеуге қол жеткізу деген жай ғана романтика. Бірақ, бұны маргиналды жастар түсіне бермейді. Осындай жастарды зымиян ойлылар өз мақсаттарына тиімді пайдаланып кетуді қалайды. Бүгінде жастар Инстаграм, Ютуб желісінде шоғырланған. Саясат осында келіп жетті. Әблязовтар осында өз ойларын бөлісуде. Сонымен қатар, оған қарсы түрлі шаралар да осында ұйымдастырылды. Мысалы, аптасына 3 күн кешкісін әлеуметтік желілер 1-2 сағаттай жұмыс істемей қалады. Жұрт бұны биліктен көреді. 

Әрине, саясат туралы терең бойлай алмаспыз. Біз виртуалды өркениеттегі жастар тенденциясы жайлы ой қозғасақ. Қазір жастар өмірінің 12 сағатын офлайнда – шынайы әлемде өткізсе, қалған жартысын – виртуалды әлемге арнайды. Мұнда жастарға қойылатын ең басты талап – танымал болу. Яғни, қолданушы неғұрлым танымал болған сайын соғұрлым көп ақша алып келеді. Енді қалай танымал болуға болады? Бұл жерде сізге «атың шықпаса, жер өрте» сөзі көмегін ұсынады. «Сұлулық құрбандықты талап етеді» демекші, мұнда қолданушы атақ үшін арын құрбан етеді. Мысалы, атышулы Айжан Байзақованы алайық. Кішкентай қара қыз киноға түсіп таныла алмады. Ешкім оны «бар екенсің ғой» деп елемеді. Содан бір күні ол жарқ ете қалды. Әлеуметтік желілерде боқтық сөз айтып, шектен тыс жалаңаштанды. Міне, осы жерде тобыр оған лап қойды. «Бетсіз, тәрбеисіз, ұятсыз» деп. «Борсықты ұрған сайын семіреді» демекші, Айжанға сын көп айтылған сайын, оның аты шыға берді. Оған да керегі осы еді. Инстаграм парақшасындағы оқырмандар саны 10 мыңнан 1 миллионға дейін өсті. Енді ойлана беріңіз, 1 миллион адам! Мұнша адам Айжанға тіркелгенде не ойлады екен? Саналы адам адамды моральды тұрғыда дегредацияға ұшырататын оған жоламас еді. Кейін аңғарсақ, Айжанға көбінесе мектеп оқушылары бақылып отырады екен. Олар оны кумир көреді. Жақында Айжан некесіз бала босанып алды. Мейлі, ол өзі біледі. Өмір – өзінікі. Бірақ, осы жерде қоғамға қатер төнгенін айтпай кетуге болмас. Айжанды пір тұтатын оқушы, студент қыздар некесіз бала тууды қолдап шықты. Және олар ерлер қауымын жек көреді. Себебі, кезінде Байзақованың жігіті оның үмітін ақтамапты. Жігіттер де періште емес, бірақ, қыз бұзылса – қоғам бұзылатынан ұмытпаған абзал. 

«Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» демекші, Байзақова ана атанып, ерлер арасында өзектілігін жоғалта бастаған кезде, Шырын деген қыз шықты. Алғашқы кезде біз оның оқырмандар санына көз жүгірттік. 10 мыңға да жетпейді. Сонсоң, Шырын сәукеле киіп, төсін жалаңаштады. Кейін жұртқа сұқ саусағын көрсетіп, мазақ қылды. Біз оны елемей қоя салсақ болады ғой. Бірақ, біз, «патриоттар» аттандап шықтық. «Құрту керек, жою керек» Сөйтіп, Шырынды оқитын оқырмандар саны – 180 мыңға жетті. Қыз етегін жауып, оның арын күйттеуші тобыр айқайлап қала берді. Ал, Шырын қазір жарнамалық бейнероликтерге түсіп, түрлі медиа жобаларда төбе көрсетіп жүр. Ол өз мақсатына жартылай жетті. Оның мақсаты – Байзақованың деңгейіне жету. Байзақованың деңгейі қандай? Жас ана жақында өзінің гонорарын жасырмай айтты. Оның Инстаграмдағы жарнамалық бір посты – 1 мың доллардан басталатын көрінеді. Жабық кештерді жүргізу, ток-шоуларға қатысуға – 4 мың доллар сұрайды. Клиптерге түсу де осы бағада. Әйтпесе, Айжан ешқандай да әнші, биші, актриса емес. Жай ғана әлеуметтік желі белсендісі. Міне, әлеуметтік желінің күш-қуаты, құдіреті! Тобыр арқасында тәрбиеден жұрдай түрлі азғын аккаунттар танымалдылыққа ие болуда. Осының салдарынан бізде Шығыс менталитеті жоғалып, орнын Батыс менталитеті басып келеді. 

Тобыр түрлі топқа бөлінеді. Әлеуметтік желілердегі тобыр әрекетін – тұтқиылдық дейді. Тұтқиылдық тобыр құрамындағы адамдар болжамсыз мінез-құлыққа, эмоцияға бейім, олар көптің ішіндегі өз әрекеттері жайлы ойланып, сарапқа салмайды. Мысалы, Оскар жүлдесіне ұсынылған «Айка» фильмін алайық. «Айканы» әлі ешкім көрмеді. Бірақ, сол кинода басты рөлде ойнаған Самал Еслямованы талантты актриса деп оған табынушылар көбейіп кетті. Димашты да елімізде ешкім мойындамады. Қытайдағы шоуды көрген соң, Димашты Құдайдан кем көрмейтіндер қатары күрт артты. Мұның бәрі өзіндік көзқарасы, сыни ойы жоқ адамға тән қасиет. Олар жұрт пікіріне еріп кетеді. Бізде ондайларды ерме дейді. Сондықтан да, тәрбие – тал бесіктен басталады демекші, жас аналар балаларының бойына рухани имунитет егу керек. Яғни, бауыр етіне кішкентай кезінде ертегі, жырлар оқып беріп, тәрбиеге баулу керек. Ал, 10 жастан кейін балаға мың жерден ұлттық тәрбие берсеңіз де қабылдамайды.  Егер жасында дұрыс тәрбие алып өссе, кейін ол бойына азғындықтарды дарытпайды. Жаңбырға киімі суға малынбаған секілді. 

zavisimost-35eupi10hcygyzvb6a7g96.jpg

Дәстүрлі бизнестің түбіне жетті

Жалпы, интернет талай кеудемсоқ бизнесменді тізерлетті. Мысалық, жақында радар, «Сергек» секілді ақшаны теспей соратын құрылғыларға қарсы мобильді қосымша пайда болды. Бұл дегеніңіз, алдағы уақытта антирадар жасайтын зауыттар өз жұмысысын тоқтатады деген сөз. 30 мың теңгеге антирадар сатып алғанша, мобильді қосымшаны су тегінге орнатқан тиімді емес пе?! Осылайша, дәстүрлі бизнестегі акулалар шабаққа айналып, технология тілін мықтап меңгерген жап-жас дарындар акулаға айналып келеді. Мысалы, Фейсбук әлеуметтік желісін құрған Марк Цукербергті, iPhone телефонын жасап шығарған марқұм Стив Джобсты алайық. Соңғы дерекке сенсек, табыстары – 50 млрд. доллар! Салыстырмалы түрде айтсақ, елімізде майлы жілікті ұстап отырған Тимур Құлыбаевтың табысы – 3 млрд. доллардың ар жақ, бер жағында. Сонда Тимурыңыз Цукербергтен 15 есе аз табады екен!..  

Және қазір баяғыдай ғимарат жалдап, дүкен салу деген міндетті емес. Виртуалды өркениетте киім-кешек, азық-түлік, құрал-саймандарды интернет дүкендеріне тапсырыс беріп алдыра аласыз. Тіпті, құжат, анықтама шығарту секілді мемлекеттік қызметіне, ақша аударымын жасау секілді банк қызметіне үйде отырып қол жеткізе бересіз. Осыдан-ақ интернет біздің өмірімізге дендеп енгенін аңғаруға болады. Енді бұрынғы заман жоқ. Қазір біз осыдан 10 жыл бұрын көзге елестете алмайтын өнімдерді пайдаланып, жаңа сөздерді айтып жүрміз. Енді 10 жылдан кейін не ұстаймыз, не сөйлейміз, оны бір Құдай біледі. Тек, фантастикалық фильмдегідей өзіміз жасап шығарған роботтарға билік жүргізе алмай, олармен айқасып жүрмесек болды. 

Абылай ЕСІМБАЙ,

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер