Сыбайлас жемқорлыққа жүйелі түрде барған қызметкердің тікелей басшысы жауапкершілікке тартылады. Тіпті, жұмыстан шығуы да мүмкін. Бұл талап қазір мәжілісте қаралуда. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысындағы Департаментінің бір жылдық есеп беру жиынында осы сынды бірқатар өзгерістер айтылды.
2019 жылдың 1 ақпанынан бастап «Б» корпусының бос лауазымына үміткерлер конкурс жарияланған мемлекеттік органдарға заңнаманы білу туралы сертефикат тапсырмайды. Облыстық басқарма департаменттеріндегі бас маман лауазымына жоғары білімі болса еңбек өтілі қажет етілмейді. «Б» корпусының бас лауазымына үміткерлер үшін эссе жазу тәжірибесі енгізілуде. Бұл олардың деңгейлерін, ойлау қабілеттерін айқындауға мүмкіндік береді. Департамен басшысы Ғалым Тұрсынбаев жиынды осындай жаңалықтардан бастады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық Бюросының Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Нұрлан Қамбатыровтың айтуынша, 2018 жылы 500-ден аса қылмыстық іс қозғалып,оның 50 пайызы сотқа жолданыпты. Қылмыстың неден бастау алатыны жиі ақпарат беттеріне шыққандықтан, қылмыстың азаюы 35 пайызға төмендеген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Ғанижан Асанұлы баяндамасын өткен жылы облыста 192 қызметші өз еркімен жұмыстан босатылғаны мен ішкі конкурстар нәтижесінде 412 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалғанынан бастады.
– 2018 жылы Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша 630 арыз-шағым келіп түсті. Оның 94-іне жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 211 бұзушылық анықталған. Бұл көрсеткіш 2017 жылдан 2 есеге асып отыр. Нәтижесінде 67 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, Әдеп кеңесінде 57 лауазымды тұлғаның тәртіптік жауапкершілігі қаралып, 41-і тәртіптік жазаға тартылған 3 лауазымды тұлға қызметтен босатылды. 2018 жылы 12 мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағандықтан тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал, әдепсіз қылықтары бұлардан да асып түскендерінің саны 50 болса, оның 32-сі аумақтық орган, 18-і жергілікті атқарушы органда қызметкерлері. Бірақ, олар тәртіптік жазаға тартылса да, қатары сиремеуде. Өйткені, тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алған. Сондықтан, жазаның мәнін көпшілігі сезінбейді. Мысал келтірер болсақ, 2018 жылы жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік қызметшілерге қолданылған 1010 тәртіптік жазаның 128-і ал аумақтық органдарда қолданылған, 677 тәртіптік жазаның 122-і мерзімінен бұрын алынған. Алдағы уақытта тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алған мекемелерге тексеру жүргізіледі. Жалпы, бұл қызметте формализм мен бюрократияны азайту күн тәртібінде тұр. Мемлекеттік қызметшіні жұмыс уақыты аяқталғанда жұмыста ұстау немесе демалыс күндері жұмысқа шақыру тоқтатылуда. Осы талапқа бағынбаған басшылардың мәселесі Әдеп кеңесінде қаралады. Жұмыс уақыты біткен соң компьютерлерді автоматты түрде өшіретін «ShutDown» бағдарламасы облыстық басқармаларда енгізіліп, нәтижесін көрсетуде. Оған көз жеткізу үшін рейдтік іс-шара жүргіздік,- деді Ғ.Асанұлы.
Елбасы былтырғы Жолдауда 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызын электронды форматқа көшіруді міндеттеген. Соңғы 3 жылда, елімізде электрондық қызмет көрсету 48 пайызға өсіп, нәтижесінде, қағаз жүзінде көрсетілетін қызмет 5 есеге төмендеді. Облыста бүгінде электронды түрдегі үлес 85 пайызды құрайды. Осы тұста, 2018 жылы Департаментпен 67 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 2400 бұзушылық анықталғаны айтылды. Осы заң бұзушылықтарды жою және алдын алу мақсатында ұсыныс енгізіліп, 31 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сыбайлас жемқорлықты тудыратын фактілер көп. Мәселен, жер комиссиясы отырыстарының жүйесіздігі, қала мен аудан әкімдіктерінде қаулылардың мерзімінде қабылданбауы. Білім саласында жұмысқа қабылдауда, жазғы демалыс лагерлеріне ақылы жолдамаларды мектептерге мәжбүрлеп тарату, педагогтарды аттестациядан өткізу және жетістігін растайтын құжаттарды алу кезінде өзіне тиісті жұмысты таза атқармайтындардың көбеюінен сыбайластық орын алады.
Түркістан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Ә.Әлішев: «Телефонға жауап беру мәдениеті қалыптаспаған. Кімсің? Өзің айта бер. Не керек саған?» деген жауаптармен діңкілдеп отырамыз. Бәріміз жұмысқа келгенде аспаннан аяғымыз салбырап түскендей болып жүреміз. Әдеп жөніндегі уәкілдердің деректері барлық аудандағы мекемелерде тұруы керек. Өйткені, аудандардағы тұрғындар шағымы болса маған хабарласады. Біреу дипломы бар қыздарының жұмысқа орналаса алмауын айтса, екіншісі тағы бір мәселесінің шешілуін қалайды,- деп аудандардағы әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысына сын айтты. Бұл міндет жүктелгендер Қазығұрт ауданында жыл бойы 5, Түлкібаста 3 азаматты ғана қабылдаған. Қалған аудандарда біршама жоғары. Оған қоса БАҚ беттеріндегі сыни мақалаларға көңіл аударып, егер шындыққа сай келмесе тексеру керектігін қоса кетті. Мемлекеттік қызметкердің этикасы, ішкі мәдениеті мен сыртқы ортадағы өзін-өзі ұстау әдебі, тіпті киім-киістеріне дейін көңілі толмайтын тұстарға тоқталды. «Мемлекеттік қызметкер өзгеруі керек» деді Әмірдин Мұхиденұлы. Өзгеру дегенде басшылықтың қол астындағы қызметкерлеріне дөрекі сөйлемеуі, үстелді тоқпақтап отырмауы жайында ескертілді. Ендігі жерде біртіндеп сыпайы қарым-қатынасқа көшуі тиіс.
Мәжілісте сонымен қатар Түркістан облысы әкімі аппаратының Персоналды басқару қызметінің басшысы А.Сақбаев, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Ж.Момынқұлов, Түркістан облыстық жоғары аграрлық колледжінің директоры Г.Бекбергенова, Облыстық Арнайы мониторингтік топ мүшесі Б.Анарбаева, «Түркістан - Адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісінің орынбасары А.Талғатұлы және Статистика және арнайы есепке алу комитетінің Түркістан облысы бойынша басқармасының аға прокуроры З.Төленова өз бандамаларын оқыды.
Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ