Мақтаралда жұртты жұмысқа ақшамен қабылдаудың ставкасы осындай
Өңіріміздегі парақорлыққа бейім аудан, қалалардың рейтингісін білгіңіз келсе бірінен-бірі асып түсіп жатыр. «Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы мектеп директорының бағбаншы деген өтірік штат ашып, оған маманды 300 мың теңге парамен қабылдағанын жазған едік. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, енді Мақтаралда мүгедектің көмекшісі болу үшін 800 мың теңге пара беріпті дегенге не сенерімізді, не сенбесімізді білмей отырмыз. Мақтаралда қарапайым бас маманның тәбеті осындай болса, одан жоғары шенеуніктер не сұрар екен?
Түркістанға келген сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тоқтамайтынын мәлім еткені белгілі. Онсыз да жемқорлыққа қарсы күресті тоқтататындай жағдайда емеспіз. Түркістан облысы қай уақытта да сыбайлас жемқорлық қылмыс өршіген, тіпті республикада алдыңғы орында тұрған өңір ретінде белгілі. Шенеуніктер қу құлқынның қамы үшін пара алуда, қазына қаржысын талан-таражға салуда әлі елді «таңқалдырумен» келеді.
Күресті күшейткен кездегі жасалып жатқан тірлік мынау. Билік ауысқаннан кейін жемқорлыққа қарсы іс-шаралар бәсеңсісе, онда күніміздің не болары бір Аллаға ғана аян.
Былтыр маусымда Президенттің Жарлығымен қайта құрылып, әкімінен бастап, еден жуушысына дейінгі штаттың бәрін жасақтап, жаңа аудан орталығы Мырзакентті қайта жаңғыртып жатқан Мақтарал ауданы әкімдігінің шенеуніктері парамен ұсталып жатыр. Сыбайлас жемқорлықтың жүрмейтін жері жоқ қой. Шенеунікті құдай ұрамын десе, демде...
Бізге белгілі болған мәліметтерге қарағанда, 2018 жылдың қыркүйегінде Мақтарал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген Ә.Өмірбеков деген азаматқа танысы Ахметова телефон шалып, тұрақты жұмыс табуға көмектесуді өтінген. Ә.Өмірбеков бұл мәселені бастығымен ақылдасатынын айтады.
4 қазанда Өмірбеков қызмет ауыстырады. Мақтарал ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы лауазымына тағайындалады. 23 қазанда ол Ахметовпен сөйлесіп, сол күні оны жолығуға шақырған. Кешкісін кафеде болған кездесуде Өмірбеков Ахметоваға әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға, мүгедектерге көмекші ретінде жұмысқа орналастырып беруге уәде етіп, бұл үшін 800 мың теңге сұрайды және «бұл ақшаны бастығы, Мақтарал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Норбаевқа апарып беремін» деген. Жұмысқа орналастырып беруді Өмірбеков жеке өзі шеше алмайды. Бұл жағы белгілі ғой. Олай болса ол кімге сенген? Расында да Ахметованы алдап, ақшасын алмақ болған ба әлде... Әлде бұл іске Норбаевтың да қатысы бар ма?
Оқиғаның одан әрі қалай өрбігеніне тоқталайық. 26 қазанда Асық ата кентіндегі кафелердің бірінде Өмірбеков Ахметовамен кездеседі, 800 мың теңге параны қолма-қол алу үстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы қызметкерлеріне ұсталады. Тергеу барысында ол ақшаны Б.Норбаевқа апарып беретінін айтып, арыз береді. Қысқартып айтқанда тергеумен тіл табысуға көшеді. Оның арызы бойынша сот санкциясымен жасырын тергеу амалдары әрі қарай жалғаса берген.
5 қарашада Өмірбеков сценарий бойынша Норбаевтың кабинетіне барып онымен сөйлеседі. Әңгіме барысында Өмірбеков:
-Осыны жаратып қоямын ба деп жатырмын да, беріп кете салайын,-деген сөзді айтады. Алайда Норбаев ыңғай бере қоймайды. Ол:
- Кешке звандаймын ғой,- дейді.
Не керек, жасырын тергеу барысында Норбаев құрыққа түспей қалған. Оның Ахметовадан Өмірбеков арқылы пара алмақ болғаны күдік күйінде қалған. Ал сейілмеген күдіктің айыпталушының пайдасына шешілетіні бесенеден белгілі. Қазіргі уақытта Өмірбековтің үстінен алаяқтыққа оқталу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс Жетісай аудандық сотында қаралып жатыр. Өмірбековтың ісіне нүктені қоятын сот, әрине. Ал Норбаевты қылмыстық жауапкершілікке тарта алмаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Сарыағаш аймағы бойынша басқармасы оның тәртіптік мәселесін қарауды әдеп жөніндегі кеңеске жолдаған. Басшыға сыбайлас жемқорлық фактілерін біле тұра тиісті орынға хабарламады деген кінә тағылып отыр.
Айта кетері, тергеу орындарына берген жауабында Норбаев Өмірбековтың алаяқтық әрекеттерінен хабарсыз болғанын, оның қызметімен құттықтап, кешкісін дастархан жайып, тамаққа алып барғалы жүргенін алға тартып, «кешке звандаймын ғой» дегенді сол мағынада айтқанын мәлімдейді. Алайда ол Өмірбековтің шақырған кешкі шайына бармаған. Не үшін? Бәлкім әлденеден секем алды ма екен? Жасырын тергеу кезінде Өмірбеков пен Норбаевтың арасында телефон әңгімелері жазылып алынған. Әңгіме барысында Норбаев «екі группа жүр дейді, абайла дейді», «қазір неғыламыз, адам көп», «иә, басқа номермен шығамын» деген сөздерді айтқан. Құзырлы органның тұжырымы бюойынша бұл жерде Норбаевтың сөздерінде сыбайлас қылмыс жасауға деген ойы болғаны байқалады. Бірақ оны дәлелдеу мүмкін еместігі белгілі. Тек қана күдік. Күдіктің дәлелге жүрмейтінін жоғарыда айттық... Қалай десек те, Норбаевты құдай сақтап қалған.
Кеңес мүшелерінің шешімімен Норбаевқа атқарып отырған лауазымынан шығару жөнінде тәртіптік жаза ұсынылды. Бұл ұсынысты орындайтын әрине, Мақтарал ауданының әкімі Бақыт Асанов.
«Рейтинг» газеті, Бақытжан Әбдірашұлы