Зәйтүн бізде де болады
Биыл Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың бастамасымен өңірдегі аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар көше бойларына және қала, кент, ауылдық округтерде 40 мыңнан астам тал-дарақ отырғызылған болатын. Соның 1 мыңға жуығын павлония көшеттері құрап отыр. Шығыс Азияның тропиктік аймағында көптеп кездесетін ағаш енді арнайы көшетбақта өсетін болады. Аудандағы 1 гектар аумақты алып жатқан көшетбақта павлония ағашын дән арқылы өсіру ісі қолға алынып отыр. Бұл өсімдік табиғи жағдайда Қытайда өсіріледі екен. Күншығыс елінде бүгінде бұл дарақтың 10-ға жуық түрі бар. Бұлардың биіктігі 20 метерге жуықтайды. Көктемде жапырақтары бүршік жармас бұрын шырағдан тәрізді гүлшоғыры гүлдейді. Гүлдері күлгін-қызғылт түсті болады. Тұқымы, атпа тамырлары және бұталарын қалемшелеу арқылы көбейеді.
Павлониядан бөлек Жетісайда 1 гектар жерге зәйтүн ағашын отырғызу жұмыстары басталмақ. Ол үшін қазіргі таңда 1 гектарға қажетті зәйтүн көшеттері жылыжайдағы шелектерге отырғызылып, арнайы күтіп-бапталуда. Мамандар бұл зәйтүн көшеттерін көршілес Өзбекстан Республикасынан алып келіпті.