«Ұлы дала қырандары» аллеясы бой көтеруде

Oinet.kz 25-10-2022 305

47.jpg

Ынтымақ пен ұйымшылдықты ту еткен түлкібастықтар тағы да бір игі шараға мұрындық болды.

Түлкібас ауданы әкімдігінің хабарлауынша, Республика күні қарсаңында аудан әкімі Нұрлан Байғұт бастаған аудан тұрғындары мен зиялылары және ерікті жастары «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойындағы жаңадан бой көтеріп жатқан «Ұлы дала қырандары» аллеясында бас қосып, 300 дана қылқан жапырақты ағаштардың көшеттерін отырғызды.

«Атадан мал қалғанша тал қалсын»-деп, ата-бабамыз бекер айтпаған. Кейінгі жастарға үлгі боларлықтай іске ұйытқы болған жандарға аудан ақсақалдары ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді.

Айта кетерлік, бүгінгі таңда «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан аудан орталығына кірер тұсында аудан әкімдігінің қолдауымен, аудан тұрғындарының демеушілігімен «Ұлы дала қырандары» аллеясы соғылуда. Жалпы 2 гектар аумақты алатын демалыс орнына жолаушылардың демалып, сергіп алуы үшін барлық жағдайлар жасалмақ. Сонымен қатар, бұл жерде алдағы уақытта қазақ елінің біртуар азаматтары Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза және Балуан Шолақтың ескерткіштері бой көтермек. Айналасы толық абаттандырылып, көгалдандырылатын болады. 

Бүгінгі таңда аудан тумалары ауыл көркін ажарландыра түсетін нысанды көтеруге 150 млн. теңге қаржы жинап, құрылыс жұмыстарын іске асыруда. Нысан ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сондай-ақ, мерекеге орай аудан орталығындағы «Менің Түлкібасым» аллеясында этномәдени орталықтары, спорт және өнер мектептерінің, білім мекемелерінің ұйымдастыруымен көрмелер қойылып, түрлі көрсетілімдер аудан тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Мерекелік шара аудандық мәдениет үйінде «Қыран елім-Қазақстан» атты іс-шарамен жалғасын тапты.

Игі шараның ашылуында аудан әкімі Нұрлан Байғұт сөз алып, ауыл тұрғындарын айтулы мерекелерімен құттықтады. 

«Биыл қазақ елі үшін қуанышты жаңалық, Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда көтерген ұсынысымен ұлық мерекеміз-Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайта беріліп, биылдан бастап елімізде кең көлемде тойланып жатыр. Аудан тұрғындарының ынтымағы мен бірлігінің және еңбекке деген құштарлығының арқасында өңіріміздің дәулеті мен сәулеті артып, әл-ауқатымыз жылдан-жылға жақсаруда. Баршаңызды Республика күнімен құттықтай отырып, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы, мәңгілік еліміздің келбеті жарқын болсын»-деді, аудан басшысы.

Мерекелік шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген түрлі сала қызметкерлері аудан әкімі мен облыс және аудан мәслихатының алғыс хаттарымен марапатталды.

Шара жалғасы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, аудан тұрғындары мерекелік көңіл-күйге бөленді.

Сонымен бірге Респубоика күні қарсаңында Түлкібас ауданына қарасты Жабағылы ауылында жаңа әкімдік ғимараты пайдалануға берілді.  Үш мыңнан астам тұрғыны бар Жабағылы ауылдық округіне үш елді мекен қарайды. Сонау егемендік алған жылы әкімдік құрылымдары құрыла бастаған шақта округ әкімдігі ескі үйдің ғимаратында орналасқан болатын. Сол уақыттан бүгінгі күнге дейін бұл мәселенің түйіні шешілмей келген. 

Жылына төрт мыңнан астам турист ат басын тірейтін аймақта аталған мәселе тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келген-ді. Ол өзекті мәселелердің қатарына алынып, облыс және аудан әкімдігі тарапынан қолдау тауып, шешіліп отыр.

Мерекелік шарада ауыл ақсақалдары жаңа ғимараттың лентасын қиып, шалғай ауылға көңіл бөліп, жағдай жасап жатқан билік өкілдеріне шексіз алғыстарын жеткізіп, баталарын берді.

Заманауи ғимаратта халыққа қызмет көрсететін мамандарға арналған 8 бөлме мен туристтерге арналған арнайы бұрыш бар. Интернет және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.


Төлеби ауданы газбен 100 пайыз қамтылады
«Балалар жылындағы» игі іс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу