«Балалар жылындағы» игі іс

Oinet.kz 27-10-2022 486

48.jpg

Мемлекет басшысының бұқаралық және балалар спортымен айналысудың қолжетімділігін арттыру тапсырмасына сәйкес және «Балалар жылы» аясында Түлкібас ауданы  Майлыкент ауылдық округіне қарасты “Күншуақ” мөлтек ауданында заманауи балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді.

Игі шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен, аудандық мәслихаттың депутаты Қ.Спабекова және ауыл әкімі Қ.Ахметов тұрғындарды жаңа нысандарымен құттықтады. 

Қазіргі таңда жаңа нысанда заманауи ойын элементтері орнатылып, балалардың қауіпсіздігі үшін ойын алаңшаларының едендеріне резеңке жабынды төселді. Сонымен қатар әткеншектер, құмсалғыш және түрлі ойын элементтері орнатылды. 

Балалар алаңшасы жас ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуге және спортты дамытуға зор мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындары игі шараға мұрындық болған жандарға ризашылығын жеткізді.

Аудан әкімі Нұрлан Байғұттың округ тұрғындары алдындағы есептік кездесуде көтерілген бұл мәселе көп ұзамай өз шешімін тапты. Айта кетері, Түлкібаста биыл бірнеше әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Жуырда аудан басшысы Н.Байғұт  Ақбиік, Рысқұл, Шұқырбұлақ және Келтемашат ауылдарында бой көтеріп жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылыс алаңында болды. 

Аталған нысандардың бүгінгі таңда екеуінің іргетасы қаланып, қабырғасын көтеру жұмыстары іске асуда (Шұқырбұлақ, Келтемашат). Ақбиік ауылындағы медициналық тіректің іргетасын қалау жұмыстары толық аяқталып, жерін қоршау және трансформатор орнату жұмыстары іске асқан. Ал, Рысқұл ауылында нысан түсетін жерді тегістеу жұмыстары іске асуда.

Бұдан бөлек Еңбекші ауылындағы Тұрсынбеков, аудан орталығындағы Майлыкент мектебінің және Кершетас ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс алаңында болған Нұрлан Мархабатұлы ауа-райының қолайлы сәтін барынша пайдаланып, дала жұмыстарын қарқындату керектігін ескертті.

Аудан басшысы осыдан екі апта бұрын құрылыс нысандарын аралау барысында Майлыкент мектебінің ауласына жауын-шашын суларының ағып кетуіне аса қажетті науа орнату, асфальт жабындысын төсеу, Жабағылы әкімдігінің ауласын абаттандыру және басқа осы сынды берген тапсырмаларының іске асқандығына толық көз жеткізді.

Ауданда кәсіпкерлік нысандардың да қатары көбейіп келеді. Халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Түлкібас ауданында жыл басынан бері бизнес идеяларды жүзеге асыру бойынша 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 66 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп отыр. Оның 29 жастар болса, 37 осал топтағы азаматтар. Қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген азаматтар мал шаруашылығы, қызмет көрсету түрлері және басқа да кәсіп түрлерін өрлетуге мүмкіндік алып отыр.

Солардың қатарында бес баланың анасы Қарашаева Камила да бар. Өзінің бизнес идеясын арнайы құрылған комиссияда қорғап шыққан Камила қол жеткізген қаржысына көптен бері армандап келген шағын медициналық қызмет көрсету орталығын ашып отыр. Логопед-дефектолог мамандығының иегері аудан орталығынан ынғайлы ғимаратты жалға алып, балаларға логопед, дефектолог, легомассаж, иппотерапия, невропатолог медициналық қызметтерін көрсетуді бастап кетті. Көп балалы ана өзімен қоса төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. 

Аталған орталықтың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов пен округ әкімі Қ.Ахметов арнайы қатысып, көпбалалы отбасыны жаңа ғимараттарымен құттықтап, аудан тұрғындары үшін маңызды кәсіптерінің өрлеуін тіледі.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.


«Ұлы дала қырандары» аллеясы бой көтеруде
Еңбек Еріне құрмет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу