Түркістан облысында тұтас халықты ұйыстырған бастама халық тарапынан қолдау тапты
«Таза Қазақстан» эколгиялық акциясы аясында Түркістан облысында сенбіліктер қала мен аудандарда жоспарға сәйкес ұйымдастырылуда.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, аймақ басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» акциясын ұйымдастыру бойынша аудан, қала әкімдерінің рейтингі әзірленген.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында елдегі экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі екенін атап өтті. «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама», - дей келіп Президент «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты екенін еске салды. Осыған орай облыста облыс әкімінің тапсырмасымен аудан және қала әкімдерінің рейтингі дайындалды. Әкімдердің жұмысын бағалау барысында ауданда ұйымдастырылған сенбіліктің тұрғындардың қатысуы, сенбілікке тартылған техника саны, Полиция департаменті тарапынан құқық бұзушылықтарды анықтау, «Birge – taza Qazaqstan!» ақпараттық жүйесіне түскен өтінімдер бойынша кері байланыс орнату, тұрғын үйлердің және кәсіпкерлік нысандарының іргелес аумақтарының тазалығына мониторинг жүргізу сияқты критерийлер басшылыққа алынды, - дейді Зұлпыхар Жолдасов.
Жаңа бағалау бойынша акция аясында жүргізілген жұмыс рейтінгісі шығарылып, ол бойынша Түркістан қаласы және Бәйдібек, Мақтаарал, Жетісай, аудандарының бағдарламаны ұйымдастыру көрсеткіштері жоғары деңгейді көрсетсе, Сарыағаш, Шардара, Түлкібас аудандары және Арыс, Кентау қалалары орта деңгейдегі көрсеткіштерге қол жеткізіпті. Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, бүгінгі таңда «Taza Qazaqstan» телеграмм бот платформасына 543 өтінім түскен. Оның ішінде, 526 өтінім орындалса, 1 өтінім – орындалу барысында, 16 өтінім мағынасыз болғандықтан кері қайтарылған.
- «Таза Қазақстан» акциясы аясында жұмыстар облыс көлемінде күнделікті өткізілуде. Нақтырақ айтқанда, қазіргі таңда облыста жалпы 712 ауқымды сенбілік өткізілді. Аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 26 мыңға жуық хаттама толтырылып 305,7 миллион теңге айыппұл салынды. Абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 60 902 жеке тұрғын үй мен 29 954 кәсіпкерлік объектісіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, 1 381 ескерту беріліп және 647 айыппұл салынды. Қағиданың сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Бұдан бөлек, көппәтерлі 120 тұрғын үйдің сыртқы келбеттерін ретке келтіріліп жатыр. Оның ішінде, 81 тұрғын үйдің сыртқы келбеті ретке келтірілді. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады. Қазіргі таңда елді мекендерді көгалдандыру бойынша 467 535 түп ағаш отырғызылатын орындар белгіленіп, тиісті жұмыс жүргізілуде, - дейді Зұлпыхар Жолдасов.
Атап өтерлігі, қазан айындағы көрсеткіштер бойынша бағдарламаны ұйымдастыруда Түркістан облысы елімізде ең үздік деп танылған. Соның ішінде Сауран ауданының да үлесі бар. «Таза Қазақстан» эколгиялық акциясы аясында Сауран ауданында күзгі көріктендіру, көгеріштендіру-санитарлық тазалық айлығы жалғасын табуда. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, биыл күзгі ағаш егу науқанында ауданның климатына сай келетін түрлі 25 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл игі іс-шараға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан қажетті ағаш көшеттері берілген. Оның 20 мың түбі қарағаш, 3 мыңы шаған, 2 мыңы жеміс ағаштары.
- Бүгінгі күні көшет отырғызу жұмыстары Шорнақ, Ескі Иқан және Шаға ауылдық округтерінде жүргізілуде. Маусымдық ағаш отырғызу науқанына аудан әкімдігінің бөлімдері, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдар, жалпы аудан тұрғындары қатысты. 5 бірлік техника, 130-ға жуық адам жұмылдырылды. Сенбілік барысында арықтар қазылып, белгіленген аумаққа арнайы тал отырғызылды. Ауданда күзгі отырғызу науқаны ай бойы үздіксіз жүргізіліп, жасыл-желекке айналдыру жоспарлануда. Айта кетейік, аудан аумағында абаттандыру, көгалдандыру, жол бойындағы үйлердің қасбеттерін және қоршауларын ретке келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда, - дейді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.
Жалпы соңғы сенбілікке 5 бірлік техника, 400-ге жуық адам қатысқан. Белгіленген аумаққа арнайы тал-дарақтар орналастырылып, арықтар қазылып, 8 мыңнан астам тамырлы көшеттер отырғызылған.