Түркістан облысы әкімінің орынбасары шаруалардың мәселесін шешуге тырысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті екенін атап өтті.
Сондай-ақ Президент «Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет» екенін аймақ басшыларына тапсырды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, облыста жалпы 25 мың агроқұрылым мақта шаруашылығымен айналысады. Биыл аймақ диқандары 106,4 мың гектар алқапқа мақта дақылы орналастырып, ол жалпы егістіктің 12 пайызын құрады.
Күзгі жиын-терім барысында туындаған мәселелерді дер кезінде шешу және тауар өндірушілер арасында ақпараттық түсіндіру шараларын жүргізу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай мен Мақтаарал ауданының шаруаларымен кездесіп, алқалы мәжіліс өткізді. Жиында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мемлекеттік қолдау аясында қаржылардың басым бөлігі мақта шаруашылығын дамытуға бағытталғанын айта келе, бағдарламалар бойынша атқарылған жұмыс барысымен таныстырды. Алқалы жиында мақта зауыттарының өкілдері мен шаруалар күрмеулі мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мақта қабылдау бекеттерінің жұмысын жүйелеу, мақтаны сұрыптай отырып бағалау, су үнемдеу технологиясын ендіруге қатысты сұрақтарға облыс әкімінің орынбасары жауап берді.
– Мемлекет басшысы Жолдауында айтқандай жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі. Оны игеруде диқандардың көп жұмыс атқарып жатқаны белгілі. Әсіресе мақта шаруашылығымен айналысатын шаруаларға қолдау көрсету бүгінгі күні күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Мақтаның бағасы түспеу үшін кәсіпкерлермен бірге оның сапасын арттыруға күш салуымыз керек. Мақта өсірушілердің ұсыныстары орынды, егілетін мақта тұқымына көңіл бөлу қажет. Бұл бағыттағы әкімдік тарапынан қолға алынған бастамалар ең алдымен шаруашылықтардың мүддесін көздейтінін атап өткім келеді, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Бұған дейін әкімдік тарапынан мақта өңдеуші зауыт басшыларының және қоғамдық ұйымдардың келісімдерімен, сондай-ақ қоғамдық ұйым белсенділерін қатыстыра отырып арнайы мобильді жұмыс тобы құрылған болатын. Мобильді топ арқылы өткен айларда бақылау жүргізіліп, мақта өңдеу зауыттарының мақта қабылдау бекеттеріндегі зертханалар мен таразылар толық сертификаттаудан өткізілді.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Мақтаарал ауданындағы «Cotton Май» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Серіктестік шетелден жеткізілген автоматтандырылған қондырғыларды орнатып, жаңа технологиямен мақта майын өндіруді бастаған. Бұл кәсіпорын тәулігіне 2 мың тонна шитті өңдеуде. Облыс әкімінің орынбасары ауыл шаруашылығын дамытуда жаңашылдық маңызды екенін атап өтті.
– Терең өңдеу технологиясы мен оның пайдасы туралы шаруаларды кеңінен ақпараттандыру қажет. Заман талабына сай өнім ұсыну үшін технологиялық жетістіктерден шет қалмауымыз шарт. Осы бағыттағы жұмысты реттеу арқылы нарықтағы айналымды да бір жүйеге келтіруге болады, – дей келіп, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жауапты мамандарға кәсіпкерлермен және шаруалармен келісе отырып, бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың жұмыс сапарын Келес ауданында қорытындылады. Ол ондағы шаруа «Умаров Н» шаруа қожалығының қайта өңдеу цехын аралап, жұмысымен танысты. Қожалық жетекшісі Нұржан Омаровтың айтуынша, олар тамшылатып суғаруға арналған иілгіш түтік шығару үшін өткен жылы Қытай елінен арнайы қондырғы алып, іске қосқан. Ол құрылғы сағатына 12000 метр өнім жабдық өндіріледі. Кәсіпорында сонымен қатар, жылыжайға қолданылатын пленка және жіп шығарылады. Қолданыстан шыққан полиэтилен заттарын қайта терең өңдеу арқылы көшет отырғызуға қажетті құтылар жасау да жолға қойылған. Цех 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, қожалық өз жылыжай кешенінде маусымдық кезеңде 25 азаматты жұмыспен қамтамасыз ететінін жеткізді.