Отырар ауданында «Қарызсыз қоғам» жобасының жұмысы жандана түсті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Amanat партиясының бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасын қуаттайтынын жеткізді.
Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған бұл жобаның тиімді тұстарын көре білген Президент «Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді» деп атап өтті. Бүгінгі күні Amanat партиясының бастамасымен «Қарызсыз қоғам» жобасы Отырар ауданында өткізілуде.
«Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы аясында Шәуілдір ауылдық округінде ұйымдастырылған бір апталық семинар-тренингке ауыл тұрғындары, түрлі мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында өткен семинар-тренингті «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасының қаржы сарапшысы Ержан Қангелдиев жүргізді.
Оның айтуынша, оқыту курсынан тәлім алған азаматтар жеке және отбасылық бюджетті құрастыра білудің артықшылықтарын үйреніп, азаматтардың тауарлық несиеге үміт артпай қажетті тауарлар мен қызметтерді алуына мүмкіндігін саралауды үйренеді. Сондай-ақ тұрғындар несие мен қарыздың тұзағына түспеу жолдарын талдауға дағдыланады. Сонымен қатар, бұғатталған есепшоттарды ашу, арнайы бағдарлама бойынша беріліп жатқан жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз гранттарға қол жеткізу жолдарын оқып-біледі.
Семинар барысында оның қатысушылары тарапынан қаржы саласына қатысты түрлі сауалдар қойылды. Қаржы сарапшысы Е.Қангелдиев ол сұрақтарға мысалдар келтіре отырып, жан-жақты жауаптарын берді. Ол семинарға 100-ге жуық ауыл тұрғыны қатысты. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.
- Өздеріңіз жақсы білесіздер, Президентіміз айтқандай цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте Мемлекет басшысы: «Amanat партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал, биыл одан да көп адам қатысады» дей келіп, елдің қаржылық сауаттылығын арттыруды Amanat партиясына тапсырған еді. Партия Президенттің өздеріне жүктеген міндетін абыроймен орындауда. Ендігі кезекте мұндай азаматтарға пайдалы семинар-тренинг кезең-кезеңімен ауданымызға қарасты барлық округтерде өткізілетін болады, - дейді «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасының қаржы сарапшысы Ержан Қангелдиев.