Арыс қаласы маңындағы Ақдалада жаңа спорт кешені бой көтеруде
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы аясында аудан және қала әкімдерінің халық алдында есеп беру жиындары жалғасуда. Президент Жарлығына сәйкес Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала ауылдық округі халқымен кездесіп, есеп берді.
Қала әкімінің айтуынша, қалаға кіре беріс іргеде орналасқан Ақдала ауылы бүгінде қарқынды даму үстінде. Өткен жылы тұрғындар сұранысы бойынша онда 240 орындық Мәдениет үйі мен кітапхана комплексі пайдалануға берілген болатын. Ал биыл, ауыл орталығынан жаңа спорт зал кешені құрылысы басталған. Бүгінгі таңда мұнда қызу құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
- Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады» дейді Президент. Сондықтан да жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған елдімекендегі спорт кешенінің құрылысын алдағы жылы аяқтап, ел игілігіне беру қаланың бас жоспарына енгізілген. Бұл нысанның құрылысын үнемі бақылауда ұстап, тиісті уақытта тапсырылуын қадағалайтын боламыз, - дейді қала әкімі.
Бұдан бөлек, ауылда орналасқан С.Ерубаев жалпы орта мектебі кешенді жөндеуден өткізілген. Іргетасы 2008 жылы қаланған мектептің ішкі қабырғалары, ағаш және кафель едендері, пластик есік-терезелері, жылу жүйелері қайта жаңартылып, оқушыларға алаңсыз білім алуға жағдай жасалды. Сондай-ақ ауыл ішіндегі 11 көшенің ескірген ауыз су құбырларын жаңарту қолға алынуда. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Енді құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 2025 жылға бюджеттік өтінім берілген.
Сонымен қатар, Ақдала, П.Арапов елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Тиісті қаржы бөлінген соң, 2025 жылдары құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұдан бөлек, Ақдала елді мекенінде жолы жоқ Ақниет 1, Ақниет 2, Парасат көшелерін орташа жөндеуден өткізу көзделген. Оның құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі болғандықтан алдағы жылы пайдалануға толық берілмек.
Кездесу барысында ауылдық округ әкімі Тоқберген Байекеевтің де жыл бойы атқарған жұмыстары және биылғы көрсеткеткіштер бойынша есебі тыңдалды. Қала басшысы ауыл әкіміне салық түсімдерін ұлғайтуды, ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде су үнемдеу технологиясын енгізу, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша тұрғындармен тығыз жұмыс істеуді және өзге де мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берді.