Сауран ауданында өнеркәсіптік аймақтарды салуға ерекше көңіл бөлінуде
Президентіміз биылғы халыққа арнаған Жолдауында инвесторлар тарта отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қалыптастыруды тапсырған болатын.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге жасалатын жеңілдіктерді арттырып, кедергілерді азайтуды тапсырды. Бұл ең алдымен отандық бизнестің өркендеуіне алып келді. Бүгінгі күні Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып отыр. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, ауданда өнеркәсіптік аймақтарды салу және дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жалпы ауданда 2024-2026 жылдар аралығында өндірістік аймақтар құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстарын қолға алу көзделген.
- Мемлекет басшысы Жолдауында алдымызға қойып отырған мақсаттың бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімі өндірісін дамыту. Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар аумақта 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді, - дейді аудан басшысы.
Бұдан бөлек, Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, Еңбекші Диқан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер телімі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады.
- Сондай-ақ, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталып отыр. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған. Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады. Біздің басты мақсатымыз – жаңа кәсіпорындар ашып, ауданда жаңа жұмыс орындарын құру. Бұл – кәсібін дөңгелетемін деген бизнес өкілдері үшін үлкен мүмкіндік. Өнеркәсіп ошақтарының көбеюі ауданның экономикасының дамуына да, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да өз септігін тигізетіні сөзсіз» – деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.