Жетісай ауданында жалпы өндірілген өнім көлемі 112,5 миллиард теңгені құрады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елдегі агроөнеркәсіп саласын дамыта отырып, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсеті керектігін айтты.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіппен айналысамын деген азаматтарға жасалып жатқан мүмкіндік мол. Бүгінде Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы тауарланын өңдеу мен өнеркәсіп өндірісі қатар дамып келеді. Осының арқасында Жетісай ауданында өткен 9 айда жалпы өңірлік өнім көлемі 112,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,2 пайызға артып отыр.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, аудандағы өндірілген өнім көлемі 112,5 миллиард теңгені құраса, оның 64,2 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығы, 28,3 миллиард теңгесі сауда, 9,9 миллиард теңгесі өнеркәсіп, 7,1 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібі, 26,2 миллиард теңгесі тартылған инвестиция көлемі және 9,9 миллиард теңгесі құрылыс саласына тиесілі.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында ауылшаруашылық өнім өндірісін жолға қоюды тапсырған болатын. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешендеріне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін атап өтті. Бұл талаптан бүгінгі таңда Жетісай ауданының диқандары шығып отыр. Жалпы Жетісай ауданында соңғы бес жылда 90,2 миллиард теңге инвестиция тартылса, 2024-2030 жылдар аралығында 419,6 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұдан бөлек, аудан аумағында құны 8,2 миллиард теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 959 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ, алдағы жылдары жүзеге асатын құны 25,3 миллиард теңгені құрайтын 16 инвестициялық жобалар аясында 1 803 жаңа жұмыс орны пайда болады. Сонымен қатар, Асықата кентінен 50 гектар жер аумағына «Жетісай» индустриялық аймағын ашу жоспарлануда. Аталған индустриялық аймақта жалпы құны 47,6 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба орналасады. Онда 1 862 жаңа жұмыс орнын құрылады, - деді аудан әкімі.
Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыс көп. Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, биылғы жылы ауданда 79,3 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Өнім көлемін ұлғайту мақсатында 321 шаруа қожалық иелері 1 200 гектар алқаптан екі рет өнім алу жобасын іске асырған. Сонымен қатар, биыл 1,2 гектар алқапқа жылыжайлардың құрылысы салынып, олардың көлемі 23 гектарға жеткен. Бүгінгі таңда 2 809 гектарды құрайтын мақта, көкөніс, бақша, жеміс-жидек және жүзім дақылдарына тамшылатып суғару технологиясы ендірілген. Сондай-ақ, мақта дақылынан 105 мың тонна өнім алынған.
Жетісай ауданында құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Президент Жолдауында айтылған «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауданда 3 мектеп салынуда. Атап айтсақ, бүгінде ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында Асықата кентінен 900 орындық, Жетісай қаласынан 1500 орындық, Ынтымақ ауылдық округінен 600 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, аудандағы Ш.Ділдабеков, Жаңа ауыл, Атамекен, Жетісай қаласы «Ауыл аманаты» жобасына еніп отыр. Осы ретте жалпы 200 жобаға 980,5 миллион теңге несие беру жоспарланған. Бұл жобалардың игілігін ел көруде.