Қазығұрт ауданының әкімі Amanat партиясында жеке қабылдау өткізді

Oinet.kz 21-12-2024 47

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімдері ауыл тұрғындары алдында есеп беріп, жеке қабылдаулар өткізуде. 

Screenshot_31.jpg

Мұндай қабылдаулар Amanat партиясы тарапынан да ұйымдастырылуда. Жуырда халықпен тығыз байланыс орнату, жекелеген азаматтардың өтініштерін, ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Amanat партиясының Қазығұрт аудандық филиалында аудан тұрғындарымен жеке қоғамдық қабылдау өткізді. 

Қоғамдық қабылдауға облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әшіров, аудан әкімінің орынбасарлары, ауданның бас дәрігері, дербес бөлімдер мен тиісті мекеме басшылары, ауыл округі әкімдері, білім бөлімінің мамандары қатысты. 

– Шынын айту керек, Amanat партиясының бастамасымен өткізіліп жатқан қабылдау аясында халық тарапынан көтерілген көптеген мәселелер кезең-кезеңмен өз шешімін табуда. Ауылда түйіні тарқатылуы тиіс проблемалар жоқ емес, бар. Біз үлкен жолдың бойында орналасқандықтан малымызды жолдың арғы жағына шығаруымыз қажет. Соған арналған көпіріміз кішкентай. Сондай-ақ, ауыл азаматтарының ары-бері өтуіне арналған көпір тым шеткерірек орналасқан. Қабылдау барысында осындай мәселелерді жауапты мамандарға тікелей жеткізіп, тиісті жауап алдық, – дейді Қақпақ ауылдық округінің тұрғыны.  

Аудан әкімінің жеке қоғамдық қабылдауына Қазығұрт және Қақпақ ауыл округтерінен бірнеше тұрғындар келіп, өздерінің үй құжаттары, жер құжаттарын жасау, білім саласы, балабақша мәселелері төңірегіндегі өтініштерін жеткізді. Аудан әкімі Азизхан Азимханұлы барша сұрақтар мен өтініштерді тыңдап, нақты дәлелдермен жауап қатып, кейбір тұрғындарға мәселенің шешілу жолдарын түсіндірсе, кейбір әкімдікке қатысты мәселелерді тиісті бөлім басшыларына, ауыл округі әкімдеріне заң аясында өтініштердің шешімін табуды тапсырды. 

Өз кезегінде, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әшіров қоғамдық қабылдау барысында көтерілген ұсыныстардың оң шешілуі партия назарына алынатынын жеткізді. Партия бұл орайда жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс жасап, жұмыстың жүйелі жүзеге асырылуына ықпал ететін болатындығын айтты. 

– Amanat партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері халықпен арадағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін бірден-бір көпір болып отыр. Сондай-ақ, біз әрдайым шалғайдағы елді мекен тұрғындарына қолжетімді мүмкіндіктер жасау, оларың мұң-мұқтажын тыңдау мақсатында республикалық мобильді қоғамдық қабылдау жұмысын да ұйымдастырып келеміз. Ауыл тұрғындарының бүгін көтерген мәселелері партия назарына алынып, оң шешілуіне ықпал ететін боламыз, – деді ол.

Созақ ауданында зорлық-зомбылыққа қарсы акция басталды
Сауран ауданында интернет сапасы арттырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу