Түркістан өңірінде сүт өндірісі дамып жатыр
Түркістан облысында диқан қауымы егін себу, көкөніс пен бақша салуды, мал бағуды да жақсы меңгерген. Шағын және орта кәсіпкерліктің де көзін тауып отыр.
Дегенмен Түркістан облысындағы шаруалардың негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Атап айтсақ, негізінен сүт, ет шаруашылығына маманданған, тамақ өнеркәсібі дамыған, сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлік белсенділігі жоғары өңірлердің бірі де, бірегейі осы – Түркістан облысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында алдымызға қойылып отырған мақсаттың бірі де – осы ауыл шаруашылығы саласын бұдан әрі де дамыта түсу. Осы орайда Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында Орта Азиялық сүт конгресінің «Aq Altyn» ІІ халықаралық конференциясы өтті. Ол халықаралық конференцияға Үндістан, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Қырғыз және басқа да мемлекеттерден өкілдер келіп қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков конференцияның алғашқы пленарлық мәжілісіне қатысып, өңіріміздегі сүт өндірісінің көрсеткіштері мен мүмкіндіктері туралы баяндады.
Оның айтуынша, жалпы облыста өндірілетін жалпы өңірлік өнімнің 20 пайызы агроөнеркәсіптік кешеннің үлесінде. Жұмыс атқарып тұрған 80 мыңнан астам агроқұрылым бар, бұл республикалық көрсеткіштің 31 пайызы. «Қазіргі таңда өңірдегі сүт өнімдерін шығаратын екі ірі фермада мал басы 400 бастан асады. Олар: «Бөрте Милка» және «Шаркул Фуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестері. Биыл тағы 2 инвестициялық жоба жүзеге асты. Жобалар түркиялық «Sezer», швециялық «De-Ieval» автоматты технологиялық қондырғыларымен жабдықталды. Бүгінгі таңда Дания, Венгрия мемлекеттерінен өнімділігі жоғары «гольштейн» тұқымды 605 бас аналық ірі қара мал алынды. Осы жобалар арқылы жылына қосымша 12,6 мың тонна сүт өндіріледі», - дейді Нұрбол Тұрашбеков.
Бұдан бөлек, аймақта 2025-2026 жылдары қосымша жалпы 2000 басқа арналған 3 тауарлы сүт фермасын іске қосу көзделген. Сондай-ақ 32 сүт фермасы мен 23 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі осы бағытта жемісті еңбек етіп келеді. Жылына облыста 410 мың тоннаға жуық сүт өндіріледі. Бұл республикалық көрсеткіштің 12 пайызын құрайды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елімізде агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін, шаруаларға субсидия беру, қаржыландыра отырып ауыл шаруашылығын көтеру керектігін айтты. Өздеріңізге белгілі, әлемде халық санының өсіміне байланысты, сапалы азық-түлік тауарларына деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Ауыл шаруашылығында шикізат секторымен бірге қайта өңдеу саласын жан-жақты дамыту кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Бүгінгі конференция сүт өндірісімен айналысатын кәсіпорындарды біріктіріп, өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге жаңа бағыттар белгілеп беретініне сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға жұмсайтын өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялау бағдарламасы іске қосылған. Облыста сүт өнімін қайта өңдеумен жалпы қуаттылығы 171 мың тоннаны құрайтын 25 шағын, орта және ірі кәсіпорындар жұмыс атқаруда.
Ал Түркістан қаласында екі күнге белгіленген конференцияда әлемдік нарықтағы өзгерістер, сүт өндірісінің даму бағыты талқыланып, технология жаңалықтары таныстырылады. Сөйтіп конференция қатысушылары өзара тәжірибе алмасты.