Сауран ауданында «Тоған» су қоймасы қалпына келтірілуде
Сауран ауданында жасыл белдеудегі ағаштардың өнімділігін арттыру үшін облыс әкімінің қолдауымен бірқатар жоба жүзеге асуда. Солардың бірі – ауданға қарасты «Тоған» су қоймасын қалпына келтіру құрылысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажеттігін ескертті. «Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет. Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Нақты жұмысқа кірісу керек» деді Президент Жолдауында. Қазіргі таңда Сауран ауданында егістік суару кезеңі аяқталып, ағын су өзен-көлдерге бұрынғы арнасымен қайта түсіп, су қоймаларына су жинау жұмыстары басталып кетті.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, бүгінгі күні жаңа әуежайдан 20 шақырым қашықтықта орналасқан су қоймасының сыйымдылығы 1,3 миллион текше метрді құрайды. Қайта реконструкциялау арқылы су сыйымдылығын 2,1 мың текше метрге жеткізу көзделуде. Тоғанға тәулігіне 2,4 текше метр су жыл бойы Иқан су өзенінен үздіксіз келіп құйылады.
Жаңа су қоймасына арнайы барған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков ондағы құрылыс барысымен танысты. Ондағы құрылыс жұмысы «Тұран су» мекемесінің күшімен атқарылуда. Су қоймасы толық қуаттылықта іске қосылған жағдайда жиналған су 22 шақырым қашықтық аралығындағы, яғни жаңа әуежай жолының екі жағындағы ағаш көшеттерін вегетациялық кезеңде суаруға толық мүмкіндік береді.
Нұрбол Тұрашбеков жауапты мекеме басшылығына тоғанның көктемгі суару науқанына толық дайын болуы тиіс екенін ескертті.
- Президентіміз алдыңғы Жолдауларында жалпы ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанына тоқтала келіп: «Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайы одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес» дей келіп, оның шешу жолдарын көрсетіп берді. Бүгінгі таңда Президен тапсырған су жеткізу мәселесін шему мақсатында тиісті министрліктерге бұл саланы жетілдіру үшін бірнеше жылдық жоба әзірленуді тапсырды. Ал бізде бұл жұмыстар бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Мен «Тоған» су қоймасының жұмысымен таныса келіп, жұмыс барысында жобаға қатысты қайта қарауды қажет ететін мәселелер туындаса, шұғыл хабарлауды тапсырдым. Бұл ертеңге немесе елеусіз қалдыратын кезең емес. Жоспар өз нәтижесін беруі үшін бүгінгі тірлік тиянақты болсын деген тапсырма берілді жауапты мекемеге, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Бүгінгі таңда жасыл белдеудегі ағаш көшеттерін сумен нормаға сәйкес қамтамасыз ету үшін 2019-2020 жылдары қазылған ұңғымалар электрогенератор арқылы тәулігіне 8 сағат жұмыс атқаруда. Мамандардың мәлімдеуінше, ағаш саны артып, жасыл белдеу аумағы кеңейген жағдайда ескі әуежай учаскесіне, «Қосқорған» су қоймасынан келген су арналарына және Қарашық өзенінің бойына орнатылған мотопомпалардың орнына электр насостар орнату арқылы су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік бар.