Қазығұрт ауданында инвестициялық жобалар саны арта түскен
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жетуі керектігін тапсырған болатын.
Осы ретте Қазығұрт ауданындағы өнеркәсіп саласында құны 30,8 миллиард теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның аясында 390 адамды жұмыспен қамту көзделген.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында шетелдік инвесторлар тарта отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қалыптастыруды тапсырған болатын. Президент тапсырған міндеттер ауданымызда жоспарлы түрде жүзеге асырылу үстінде. Шағын және орта кәсіпкерліктің де көзін тауып, байланыстырып отыр. Инвесторлар ең алдымен аймақтың экономикалық әлеуетін көтеруге елеулі үлес қосатыны белгілі. Осының аясында ауданымызда инвесторлар тарапынан көптеген жобалар іске асырылуда, - деді аудан әкімі Азизхан Исмаилов.
Жалпы Қазығұрт ауданында шағын және орта кәсіпкерлік жақсы жолға қойылған. Оны өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен тартылып жатқан инвестициялық жобаларға қарап аңғаруға болады. Мұнда кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау да көп. Атап айтар болсақ, ауданда «Асылбастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан «Суды автоматтандыру» және «Сүт өнімдерін өндіру» жобалары жүзеге асыру арқылы 15 адамды жұмыспен қамту көзделген.
Сонымен қатар, ауданда биыл «БИЛОЛ» жеке кәсіпкерлігі «Болат шарларының өндірісі» қолға алынып, 45 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Сондай-ақ, «Masha Allah Rolling Metal Industris» компаниясы» «Алюминий қалдықтарын өңдеу» жобасын қолға алып, 50 адамға жұмыс берілді. «Nise constructions» компаниясы тарапынан да «Бұрғылау қондырғыларын жасап шығару» іске асырылып, 10 адам жұмыспен қамтылды.
Бұдан бөлек, ауданда «Al Riaz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан «Тұздан емдік мүсіндер жасап шығару» жобасы қолға алынып, 10 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, «Smart Re Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан «Гидротурбина шығаратын завод» жобасы іске асып, 15 адам жұмысқа қабылданады. OOO «GOLD STAR OIL» компаниясы тарапынан және Өзбекстан мемлекетінің иинвесторлары есебінен «Шифер зауытын салу» жобасы жүзеге асырылып, 20 адам жұмыспен қамтылмақ.
- Біздің басты мақсатымыз – жаңа кәсіпорындар ашып, ауданда жаңа жұмыс орындарын құру. Ауданға инвестициялар тарту. Біз кәсіпкерлерді қашан да қолдауға дайынбыз. Бұл – кәсібін дөңгелетемін деген азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Кәсіпорындардың көбеюі ауданның экономикасының дамуына да, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да өз септігін тигізетіні сөзсіз, – деді аудан басшысы Азизхан Исмаилов.