Арыс қаласы Отырар шағын ауданындағы жаңа мектепті биыл пайдалануға беру жоспарлануда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды екеніне тоқтала келіп, «Жайлы мектеп» жобасына кеңірек тоқталған еді.
Елімізде 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 пайдалануға берілетінін сөз еткен Президент одан бөлек елімізде 1300 мектепке күрделі жөндеу керектігін де айтты. Жалпы оның сыртында республикалық және облыстық бюджет есебінен де салынып жатқан білім ошақтары Түркістан облысында да баршылық.
Мәселен, Арыс қаласының Отырар тұрғын ауданында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, мектеп құрылысы аяқталуға жақындаған. Қазіргі уақытта мектепке қажетті жабдықтарды жеткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Жайлы мектеп» жобасы аясында құрылысы жүріп жатқан құрылыс нысандарының жұмысымен арнайы танысқан облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев мердігер компания басшылығына құрылысты мерзімінде аяқтап, тапсыруды міндеттеді. Асығамыз деп сапаны назардан шығармады тапсырды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған» деп атап өткендей, бұл жобаның игілігін Арыс қаласының тұрғындары да көруде. Бүгінгі күні қалаға қарасты Отырар ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысы аяқталып келеді. Оны жыл соңына дейін ашу жоспарлануда. Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында екі жылда жалпы 29 мектептің құрылысы жоспарланған. Мектептердің құрылыстарына «Ұлттық қордан» 139 миллиард теңге қаралып, құрылыстары басталған. «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тарапынан ұсынған жоспар бойынша биыл 16 мектеп, алдағы жылы 13 мектеп пайдалануға тапсырылуы тиіс. Соның ішінде біздің аудандағы осы білім ошағы да бар. Бүгін құрылыс басында болып, нысанның жұмысымен жан-жақты таныстым. Мердігерге қойылған басты талап – ең алдымен балалардың қауіпсіздігіне мән берілуі. Осы ретте мектептің айналасын, оған апаратын жол бойы мен көшелердің жарықтандырылуы және бейнебақылау камерасымен қамтылуы керектігі айтылды, - деді қала әкім Гүлжан Құрманбекова.
Жалпы үш қабатты заманауи мектеп 4 гектар аумақта бой көтерген. Қазіргі заман талабына сай жабдықталатын пәндік кабинеттер, технологиялық дәріс беру бөлмелері, спорт, акт залдар, сыртқы спорт алаңшалар, кең де жайлы асханасымен жабдықталып, сәулет-сымбатымен көз тартатын үлгілі білім ордасына айналмақ. Сондай-ақ, жаңа мектеп табиғи газбен жылыту жүйесіне қосылады. Осы мақсатта газ құбырларын тарту және қуатты қазандықтарды орнату жұмыстары аяқталу сатысында. Сонымен қатар, мектеп аумағын абаттандыру, жасыл желектер отырғызу және демалыс аймақтарын құру шаралары қолға алынған.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова құрылысқа жауапты сала басшылары мен мердігерлерге жұмысты уақтылы әрі сапалы аяқтауды қатаң тапсырды. Қала әкімінің айтуынша бұл Отырар тұрғын ауданында 700-ден астам мектеп жасындағы бала бар екен. «Бүгінгі күні бұл ауданның оқушылары көршілес тұрғын аудандарға барып сондағы білім ошақтарында оқып жүр. Жаңа мектеп пайдалануға берілсе оқушылар жақын әрі жайлы мектепте сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік ашылады. Ол күн де алыс емес, аз қалды», - дейді қала әкімі.