Арыс қаласының Отырар шағын ауданында 70 пәтерлі 35 тұрғын үй салынуда
Президентіміз Жолдауында құрылыс саласына басымдық беріп отырғаны белгілі. Жалпы Арыс қаласы, Отырар шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлер мен инфрақұрылым жүйесі құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, қалада Тұрғын үй, мектеп пен денсаулық, спорт пен мәдениет саласы болсын, таза ауыз су мен жол болсын, барлық салада ілгерілеу байқалады.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, Арыс қаласында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді екен. Отырар шағын ауданында салынып жатқан бір қабатты, екі пәтерлі 35 тұрғын үй (70 пәтер) бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі. Құрылыс жұмыстары жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында көтерілген бағыттардың ауқымы кең. Көлік-логистикасы, инфрақұрылым, білім, денсаудық, бұқаралық спортты дамыту мен әлеуметтік салада жоспарланған құрылыс жобалары көп. Әсіресе агроөнеркәсіп пен индустриалды аймақтарға инвестиция тарту да Жолдаудың негізгі бағытына айналған. Осы Жолдауда айтылған бағыттардың барлығы да Арыс қаласында кеңінен қамтылған. Мұнда қаланың даму жоспарына енгізілген мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың игілігін шаһар тұрғындары көруде. Ал қаладағы кезектілікті азайту мақсатында салынып жатқан 70 пәтерлі 35 тұрғын үйді кезек бойынша үлестіретін боламыз. Бүгінгі күні бірқатар тұрғын үйлердің сыртқы фасадтары травертинмен безендіріліп, аулалары темір қоршаулармен қоршалған. Су және жылу жүйелері толық жүргізіліп, қабырғалары түсқағаздармен безендірілуде. Едендері де төселіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалуда. Әр үйдің жалпы алаңы – 60 шаршы метрді құрайды, - дейді қала әкімі.
Жалпы Отырар шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысымен қала әкімі Гүлжан Құрманбекова арнайы танысып, мердігерлермен кездесіп, жұмыстардың барысын бақылады. Шаһар басшысы үйлердің заманауи дизайнда, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы болуына аса мән беруді ескертті.
Салынып жатқан пәтерлердің әрқайсысы 60 шаршы метрді құрайды және іргесінде 6 соттық ауласы бар. Бүгінде мұнда құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Жаңа үйлердің шатырлары жабылып, терезелері орнатылған. Ішкі әрлеу жұмыстары да аяқталуға жақын.
Тиісті құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталаған соң, мемлекет қорына сатып алынып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға сатып алу құқығынсыз (жалға) берілетін болады. «Осымен қатар бүгінгі күні қаланың кіреберісіндегі Барыс шағын ауданында да бес қабаттан тұратын екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның құрылысына осы салада 10 жылдан астам тәжірибесі бар жергілікті инвестор тартылған. Ол үйлерді де алдағы уақытта кезектілік бойынша тұрғындарға беру жоспарланған», - дейді қала әкімі.