Созақ ауданында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында үздік құтқарушылар марапатталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еңбек адамының мәртебесін көтеру мақсатында 2025 жылды Жұмысшы мамадықтары жылы деп жариялады.
Жалпы жұмысшы мамандықтарымен қатар құқық қорғау саласы мамандарына да Жолдауда ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, жуырда, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде «Елге қызмет – мәртебелі міндет» атты тақырыб аясында салтанатты жиын өтті.
Онда қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп, заңның сақталуына ерекше үлес қосқан полиция мен төтенше жағдайлар қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Аталған жиынға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, полиция және төтенше жағдайлар қызметі бүгінде ерекше жауапкершілікті талап ететін сала екенін атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идиологиясын терең орнықтыру қажеттігін айтты. Қазіргі таңда полиция және төтенше жағдайлар саласы – ерекше жауапкершілікті талап ететін, әрбір күні, әрбір сәтте адам өмірі мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күресетін сала. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері өз жұмысында әділдік пен заңдылықты сақтауды ғана емес, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең үздік қызмет көрсетуге міндетті. Тек сол кезде ғана полиция мен халық арасында тығыз байланыс орнап, мемлекетіміздің қауіпсіздігі нығаяды. Бұл тұрғыда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында: «Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді»-деп, полиция қызметкерлерінің халықпен тығыз байланыс орнатудағы маңыздылығын ерекше атап өтті», - деді Мұхит Сексенбайұлы.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өңір басшысы бірқатар полиция және төтенше жағдайлар қызметкерлерін «Үздік учаскелік полиция қызметкері», «Үздік жол патрульдік полиция қызметкері», «Үздік әйел полиция қызметкері», «Үздік сақшы» және «Үздік құтқарушы» номинацияларымен марапаттап, сый-сияпат табыс етті.
Сонымен қатар, аудан прокуроры Ержан Қожабеков полиция қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, қоғам алдындағы жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігін атап өтті. Бірқатар сала мамандарына сый-сияпат табыстап құрмет көрсетті. Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ермек Өсербаев және Созақ аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Мұратов шараның маңыздылығына тоқталып, сала үздіктерін марапаттады. Еңбек ардагері, ауданның «Құрметті азаматы» Пәрдебек Сақтапбергенұлы полиция қызметкерлерінің қажырлы еңбектерін құрметпен бағалайтынын жеткізді.
Сала ардагері, полиция майоры Беркінбай Дуанаев және «Бақ-нұры» іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұржамал Майусова әрбір марапатталушының атқарған еңбегі мен жетістіктері туралы сөз қозғап, бірқатар полиция қызметкерлерінің ата-аналарын марапаттады. Шара барысында халық пен полиция қызметкерлері арасындағы байланыс жайында сахналық қойылым мен бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.