«TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында шетелдік инвесторлар тарта отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қалыптастыруды тапсырған болатын.
Президент тапсырған міндеттер Түркістан облысында жоспарлы түрде жүзеге асырылу үстінде. Шағын және орта кәсіпкерліктің де көзін тауып, байланыстырып отыр. Инвесторлар ең алдымен аймақтың экономикалық әлеуетін көтеруге елеулі үлес қосатыны белгілі. Осының аясында облысымызда арнаулы экономикалық индустриалды аймақта инвесторлар тарапынан көптеген жобалар іске асырылуда.
Түркістан облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірнеше өнеркәсіп орындары өз жұмысын бастады. Атап айтсақ, бүгінгі таңда бұл арнайы экономикалық аймақта инвестициялық құны 550 миллиард теңгені құрайтын 137 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар толық жүзеге асырылған жағдайда, нәтижесінде 5000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елімізде агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін, шаруаларға субсидия беру, қаржыландыра отырып ауыл шаруашылығын көтеру керектігін айтты. Өздеріңізге белгілі, әлемде халық санының өсіміне байланысты, сапалы азық-түлік тауарларына деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Ауыл шаруашылығында шикізат секторымен бірге қайта өңдеу саласын жан-жақты дамыту кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «PSI Mineral Technologies» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – тау-кен-металлургия кешеніне арналған жабдықтар өндіретін зауыт жұмыс істеуде. Бұл жобаның жалпы құны - 8,33 миллиард теңгені құрайды. Жоба толық іске қосылғанда 200 адам жұмыспен қамту көзделген. Сонымен қатар, аймақта құны 6,7 миллиард теңгені құрайтын «Алтын дала мақта» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – ПВХ құбырларын өндіру зауыты және құны 147 миллиард теңгені құрайтын «Түркістан мақта-агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақта кластерін құру бойынша жобалары жүзеге асырылып жатыр, - дейді облыс әкімінің орынбасары.
Аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, жалпы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттырады. Сондай-ақ, жобалар ел экономикасын әртараптандыру және инвестиция тарту бағытындағы тиімді қадам болып есептеледі. «TURAN» арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы - 3 987 гектарды құрайды. Жоспарланған жобалардың іске қосылуы арқылы аймақ Қазақстанның инновациялық және өндірістік хабына айналмақ.
- Аймағымызда қолға алынған бұл тамаша жобаны біз қуана қолдаймыз. Өз өңірімізде өз өнімдеріміз көптеп шығарылып жатса, шетелдік өнімдерді нарықтан ысырып шығарар болса, ол біз үшін үлкен жетістік емес пе. Мұндай жобаларға барынша қолдау көрсетіп, жағдай жасауға біз әрқашанда дайынбыз. Кеше өңірлік штаб отырысында қаралған инвестициялық жобалар алда Түркістан қаласында іске асырылады деген сенім мол. Біздің бұл ретте Алматыдан үйренеріміз көп. Сол үшін ондағы әріптестермен байланыс орнатып, олардың жұмыс тиімділігін үйренген артық болмас еді. Сондай-ақ инвесторларды «TURAN» арнайы экономикалық аймағында бір жинап инвестициялық форум өткізсек те артық болмас еді. Жалпы «TURAN» арнайы экономикалық аймағынна бөлек өңіріміздегі басқа да арнайы экономикалық индустриалдық аймақ жұмыстарын дамытуды бақылауды күшейту керек. Ондағы жобалардың уақтылы жүзеге асырылуы маңызды., - деді Түркістан облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.