Сауран ауданында бір мектеп ел игілігіне берілді

Oinet.kz 21-12-2024 24

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді.

Screenshot_55.jpg

Қор қаржысына білім беру ұйымдарын салу немесе жаңғырту, оған жапсарлас құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қор құрылған уақыттан бастап еліміздің бірқатар өңірлерінде 92 мың оқушыға арналған 82 мектептің құрылысы қаржыландырылды.

Аталған қордың қолдауымен Түркістан облысында да 9 жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Оның сегізінің құрылысы 2023 жылы аяқталып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ, биыл қыркүйек айында тағы 1 мектеп қолданысқа берілді.  Нәтижесінде жалпы 2 000 оқушы жаңа мектепте білім алуға мүмкіндік алды. 

Ал Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысының Сауран ауданында жаңа мектеп есігін айқара ашты. Нысан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Еңбекші диқан ауылында орналасқан білім ордасы 600 орынға шақталған. 

Ол білім ошағының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, оқушылар мен ұстаздар қауымын құттықтады. Өңір басшысы оқушыларға оқуда озат болуын тілеп, ұлттық жобаның маңыздылығына тоқталып өтті.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Биыл облысымызда жалпы қуаттылығы 17800 орынды құрайтын 29 жайлы мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Біз білім саласына қолдауды жалғастырамыз, - деді Дархан Сатыбалды.

Бұл мектептің жабдықталуы мен қауіпсіздік деңгейі заман талабына жауап береді. Бастама еліміздегі апаттық, үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Білім ордасы жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынған. Мектеп физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталған. 

- Мемлекет басшысы Жолдауында «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын. Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек. Сонымен бірге еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек» екенін тапсырған. Міне, тіуелсіздік күні «Жайлы мектеп» жобасы аясында Еңбекші диқан ауылында салынған 600 орындық мектеп ел игілігіне берілді. Елдің қуанышында шек жоқ, білім нысанынан талай оқушы жақсы білім алып шығады деген сенімдеміз, - дейді Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров.

Бір атап өтерлігі, биыл Түркістан облысында 50 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтерген. Бұған дейін де осы жоба арқылы Түркістанда бір мектеп тапсырылған болатын. 

«TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуда
Түркістан облысында жиналған алма қоймаларда сақталып, жергілікті нарықта өткерілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу