Түркістан облысында жиналған алма қоймаларда сақталып, жергілікті нарықта өткерілуде
Президентіміз биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық бергені белгілі. Бүгінгі күні Түркістан облысында жеміс-жидек, соның ішінде алма өсіруге басымдық берілуде.
Бала кезде Алматының даңқын асырған апорт алмасын ата-анамыз дүкеннен сатып әкелуші еді. Дәмі тіл үйіретін кеседей алманы тауса алмай, іні-қарындастарымызбен бөлісе жеуші едік. Бүгінгі күні апорт нарықтан жоғалған. Өйткені Алматының апорт алмасын өсіретін бақтары жекешелендіріліп, ағаштары оталып, орнына құрылыс нысандары бой көтерген. Орнын жаңартып, көшет отырғызып жатқан пенде жоқ.
Сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы санақ бойынша елімізде 3851193 түп апорт ағашы болса, соның 80 пайызы, яғни 3036346 түп Алматы өңірінде өсiрiлген екен. Бұдан кейiнгi санақтар көңiлге кiрбiң ұялатады. Мәселен, 1984 жылы елімізде 1965795 түп апорт алма ағашы қалған болса, Алматыда оның 1418988-i қалып, тең жартысынан астамы оталып кеткен. Ал қазіргі жағдайы тым ауыр.
Ал Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы кеңшарлардың қарауында болған мыңдаған гектар алма бақтары бертінде түгелге жуық жойылып кетті. Тек алма ағаштарын отырғызуға екі мыңыншы жылдары қайта көңіл бөлінген тұста ғана сең қозғалды. Аймақта 2015 жылы отырғызыла бастаған бақтардың көлемі едәуір аттты. Жалпы Түлкібас ауданында өнім беріп тұрған 3062 гектар алма бау болса, соның 700 гектары қарқынды (интенсивный) алма баулары құрайды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, Апорт – алманың ірі, әрі құнды түрі. Ол таулы жерде ғана өседі. Апорт өсіруге Түлкібас ауданының жері қолайлы келеді.
- Апорттың қабығы тығыз, сары немесе жасыл-сары қызыл-қоңыр мөрімен болады; ішкі жағы (еті) сусымалылығымен, нәзік дәмімен ерекшеленеді. Апорт – кеш пісетін түрге жатады, қыркүйек айларында ғана пісіп жетіледі. Кеш піскендіктен қыста жақсы сақталады. Жайында апортты Т.Рысқұлов ауылында және Түркістан қаласында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен көзіміз шалып қалып жүр. Бірақ өте аз көлемде.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, биолог-ғалым Аймақ Жанғалиевтың апорт алмасы туралы жазғанын көзім шалып қалғаным бар еді. Ол «Біздің жерімізде жабайы алманың 131 тұқымы бар, барлық алма түрі біздің жерден ғана тараған. Мынаған көңіл бөлу керек: Оксфорд университетінен келген ғалымдар бізбен бірге бір жыл жұмыс істеді. Оларда, жалпы ағылшындарда алманың 2500 сорты бар деп есептеледі. Осында келіп, бізбен араласып, менің еңбектеріме қарап жұмыс істегенде өздері түсінді, барлық сол екі жарым мың сорттың бәрі осы Жоңғар, Іле Алатауының бойынан тараған, дамып жетілген түрлері еді. Ал оны о баста бірінші тапқан Иван Сиверс 1796 жылы қыркүйекте біздің Алакөлге келіп, Тарбағатай тауының Үржар маңындағы керемет өсіп тұрған алмаларды көріп: «Мұндай алманы бұрын еш жерде кездестірген емеспін» деп жазып, дүние жүзіне мәлім етті. Ол алманың сорты, сөйтіп, сол кісінің атымен аталып кетті. Одан кейін Қырғыздың жабайы алмасы, сосын қызыл алма – жабайы алманың осы үш түрі белгілі болды. Ең қызығы – алма біріне бірі ұқсаған жоқ», – деп жазса. Ол ойын келесі жазбасында былай деп жалғайды: «Ол бұрын Еуропада өсіп, содан Ресейге келді. Бірақ ол жерде азғантай ғана сорттары болды. Одан 1904 жылдардың айналасында елімізге келіп жатқан ұқыпты шаруаның бірі Е.Редько деген кісі Алматыға ала келген. Ол ғана емес, Моисеевтер отбасы да дәл осылай өздерімен бірге алма ағаштарының көшеттерін ала келіп, Алатаудың бауырына отырғызған. Бұл жемістер кейін жақсы өнім беріп, қып-қызыл, тәп-тәтті кәдімгі Алматының апортына айналып шығады. 1913 жылы сол Романовтар әулетінің 300 жылдық тойына апаратын алмалар осылардың жемісі еді. Алматының апорты мақтаныш үшін, әрине, өте керемет жеміс. Басқа жақта дәл бұлай өспейді. Бірақ шындығын айтқанда, оны күтіп-баптаудың қиындықтары өте көп. Оның толыққанды жеміс беруі үшін белгілі бір шарттары мен тәртіптері бар. Ол біріншіден, биік таудың басында, белгілі бір өзіне тән биіктікте өскенде ғана нағыз апорт бола алады. Оның топырақты тез арада құнарсыздандырып тастайтын қасиеті тағы бар. Апортты өсіру үшін осының бәрін ойластырып отырмаса, түрі ұқсағанмен, өзі нағыз апорт болып шыға қоймайды. Шет елдердің ғалымдары апортқа емес, біздегі жабайы алманың сорттарына, соның тұқымына қатты қызығады. Өйткені, өзін-өзі жаңартып, жасартып, жетілдіріп отыратын алмалар. Ыстыққа шыдамды, суыққа төзімді, оның үстіне алманың жаңа сорттарын алуға өте қолайлы. Мысалы, Американың Канадамен екі арасындағы Невада штатының табиғаты аса қолайлы аймақ емес, суық жер. 43-45 градусқа дейін суық болатын аймақ өзі. Сол жерге біздің алмамызды апарып егіп еді, біздің алмамыз өте мықты болып шықты. Жалпы, жаңа сорттар алу үшін будандастыру мақсатында да біздің жабайы алмамыздың тұқымына қызығып жүрген ел көп», – депті академик.
Ал қытайлар болса біздің елде керемет алмалардың өсетіндігін өздерінің жылнамаларында 1240 жылдан бастап жаза бастаған. Сондай-ақ ол көршіміз алма тұқымының осы жерден таралғанын да айтқан. Жалпы алманың о баста қазақ топырағынан тарағанын біздің ғалымдарымыз дәлелдеп берген. Араға талай ғасырлар салып, бір елден екінші елге көшіп жүрген алма ағаштары жер шарын шыр айналып шыққан. Алматының апорты деп танылған алма ағашының тарихы да солай, - дейді Нұрбек Бадырақов.
Оның айтуынша, аймақта қарқынды бау көлемі 55 гектарға ұлғайған. Атап айтсақ, «Алмалы сай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі оның көлемін 25, «КенТау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 30 гектарға арттырып, тамшылатып суғару әдісімен алманың нарықтағы сұранысы жоғары «Голден» және «Ред делишес» және апорт тұқымдастарының сұрттарын отырғызған.
- Бір атап өтерлігі, қарқынды алма бауларының бұрынғы дәстүрлі алма бауларынан артықшылығы өнімді 3-4 есе мол береді. Өйткені дәстүрлі алма баулардың түріне қарай 1 гектарға 500-1000 көшет отырғызылса, қарқынды алма бау аталуы үшін 1 гектарға 2000 көшеттен кем орналастырылмайды. Қосымша тіреуіш бағаналар, тамшылатып суғару технологиясы орнатылады. Дәстүрлі алма бау гектарына 10-15 тонна өнім берсе, қарқынды алма бауы 30-40 тоннаға дейін өнім береді. Бүгінгі таңда бұл алма бағтардан жиналған өнім нарыққа шығарылып, өткерілуде. Түркістан облысында алманың жеткілікті мөлшері бар. Соның ішінде бір түлкібас ауданында 30 мың тоннадан артық алма жиналып, сақталуда, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.