Жетісай қаласында ағын су жайы сөз болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ирригация жүйелерін және жалпы су шаруашылығы мәселелерімен мұқият айналысу қажеттігіне басымдық берді.
«Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет. Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Нақты жұмысқа кірісу керек» деді Президент жолдауында. Президент тапсырған бұл тапсырма бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің бақылауына алынған.
Бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес орталық атқарушы органдардың бірінші басшылары халықпен тұрақты кездесу ұйымдастырып келеді. Осы ретте, кешегі күні Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов Түркістан облысына арнайы іссапармен келіп, Жетісай қаласында агроқұрылым басшыларымен кездесті. Тұрғындармен болған жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков ашып, жүргізді.
Мәжілісте «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев облыста атқарылған жұмыстар мен жоспарлар бойынша баяндама жасады.
- Биыл өңірде егістікке қажетті ағын су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес босатылып, вегетациялық маусым қалыпты деңгейде жүргізілді. Облыста 552 мың гектар суармалы жер бар. Бұл – республикалық көрсеткіштің төрттен бір бөлігін құрайды. 12 349 шақырымды құрайтын 3 147 канал, 42 су қоймасы, 1 256 қашыртқы, 1 794 дана ұңғыма бар. Биыл облыстық бюджеттен 9 су нысанын күрделі жөндеуге, 6 су нысанын механикалық тазалауға қаржы бөлінді. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 42,4 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайы және ағын сумен қамтамасыз етілуі жақсарады деп күтілуде, - деді Қазыбек Бедебаев.
Сондай-ақ, өңірде су нысандарын салуды, қалпына келтіруді жеделдету үшін облыстық «Тұран су» мекемесінің де әлеуетін тиімді пайдалануға басымдық берілуде. Мекеме тарапынан облыстық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау нәтижесінде тозу көрсеткіші 80 пайыздан 10 пайызға төмендеген.
Вице-министр ағын су арналары кезегімен жөндеуден өтетінін айтып, дихандарды су үнемдеу технологиясын меңгеруге шақырды. Су үнемдеу технологиясына көшкен шаруашылықтарға субсидия төленетінін, сонымен қатар бөлек тариф бекітілетінін жеткізді. Шаруалар көкейдегі сұрақтарын ортаға салып, ағын су мәселесіне қатысты өзгерістер туралы ақпарат алды.
Кездесуден кейін ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов пен облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков азаматтарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жауапты мамандарға көтерілген мәселелерді заң аясында шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.