Еліміздегі кез-келен емханасының басты міндеттерінің бірі – тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын сапалы жүргізу. Түркістан қалалық емханасы бұл үдеден шыға білді. Бұл туралы дана халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген дөп айтылған сөз бар. Ауруды болдырмай, болған күнде де оны дер кезінде анықтап емдеу оңайға түспек. Ауруды дер кезінде анықтау мақсатында емхана тұрғындарды жылына 1-2 рет міндетті түрде медициналық тексеруден өтіп тұруға шақырады. Әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігермен бірлесе жұмыс істесе емделмейтін кесел жоқ. Әйтпесе кей азаматтар бойын ауру әбден дендеп, асқынып, жүріп-тұру мүмкін болмай қалған жағдайда ғана емдеу мекемесіне ат басын бұрады. Осының салдарынан кеселді сылып алу мүмкіндігі азаяды. Екі ортада науқас та, дәрігер де көптеген қиындықтарға душар болады.
Тұрғындармен қоян-қолтық бірлесе жұмыс істеу мақсатында емханада оңалту бөлімі былтыр ашылды. Емхананың дәрігер-реабилитологы Ардақ Шеңгелбаеваның айтуынша, аталған бөлімде науқастарға медициналық қызмет көрсетеді. Оның ішінде COVID-19, пневмониямен ауырған науқастарға, жүрек-қан тамыр жүйелерінің ауруларымен, сондай-ақ жүйке-қан тамырлары жүйелерінің ауруларымен ауырғандарға, жарақаттан кейінгі кезеңде реабилитациялық оңалтау мақсатында медициналық көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда 98 науқас COVID-19-дан кейінгі кезеңге реабилитация жүргізілді. Сонымен қатар 106 науқасқа, әсіресе травматологиялық-неврологиялық науқастарға медициналық көмек көрсетілді.
– Біздің бөлімнің негізгі мақсаты – науқастарға емдік дене шынықтыру жасату. Магнитотерапия, электрофорез, УВЧ, Bioptron және ингаляция аппараттары жұмыс жасайды. Сонымен қатар массаж мейірбикелеріміз бар. Науқастарға сырқатына байланысты массаж жасалынып отырады. Бөлімде 6 маман жұмыс жасайды: 2 дәрігер реабилитолог, одан кейін ЛФК инструктор, емдеу мейірбикесі, массажист және эрготерапевт жұмыс жасайды. Жүйке жүйесі қантамырлары, инсульт алған, аяқ-қолдары салданған науқастарды қайта өмірге бейімдеу, қайта тұрмыстық деңгейін жақсарту, өзінің күнделікті өмірде жасайтын әрекеттерін жеңіл, ешкімнің көмегінсіз алға қарай талпынып, өмір сүру сапасын жақсартуды көздейміз.
Бізде негізгі оңалту үш кезеңмен жүреді. Науқас инсульт алған жағдайда бірден стационардан бастамасы жүру керек. Одан кейін 20 күн – 1 ай көлемінде екінші этапы да стационарлық деңгейде инсульт орталықтарында ем алады. Бұл жерде тек инсульт алған 9 айдан кейін барып аймақтық дәрігердің жолдамасымен бізге келіп ем қабылдайды. Сонымен қатар олар өздерінің сырқатына байланысты препараттарды үздіксіз қабылдап отыруы қажет. Екеуін бірге алып жүреді, - дейді дәрігер-реабилитолог.