Түркістан облысы аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша қолайсыз аймақтар қатарына жатады. Жыл сайын құтыру, кене шағу, бруцеллез, Сібір жарасы т.б аурушаңдықтар тіркеліп, тіпті тұрғындар арасында өлім жағдайлары да орын алуда. 2022 жылы облыста 1 534 адамды кене шаққан. Бұл-алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,1 есе өскендігін көрсетеді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы диагнозымен 12 науқас тіркеліп, аурушаңдық 2021 жылмен салыстырғанда 8 жағдайға артқан.
Өңірде 6 502 адам жануарлардан жарақат алған. Құтыру ауруынан 1 жасөспірім қайтыс болды. Мәліметтер бойынша құтыру ауруының алдын алу мақсатында иесіз жануарларды аулауға жергілікті әкімдіктерден 107 291 000 теңге қаржы бөлініп, 59 374 ит, 2 302 мысық ауланып жойылған. Қанашама қаражат бөлініп, иесіз ит мысықтар ауланғанымен азаматтар арасында жануарлардан жарақат алу мәселесі толастар емес.
2022 жылы облыс тұрғындары арасында 5 Сібір жарасы тіркелген. Мұндай мәселеде СЭББ мамандарымен бірге өзге де тиісті органдар жүйелі жұмыстар атқарғанда ғана оңды нәтижеге қол жеткізілетіні анық.
Облыста бруцеллез ауруы бойынша да жағдай мәз емес, 2022 жылы бруцеллездің алғашқы анықталған 105 жағдайы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 37,8% артып отыр. Облыстық эхинококкозбен сырқаттанушылық көрсеткіші республикалық көрсеткіштен 2,5 есе жоғары. Бұл жағдайға негізінен елді мекендерде иттерді әр тоқсан сайын дегельминтизациядан өткізілмеуі бірден-бір себеп болып табылады.
Сонымен қатар облыста COVID-19 инфекциясына қарсы екпе тиісті деңгейде жүргізіліп, бұл жұмыстар өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына септігін тигізді. Аурушаңдық 2021 жылмен салыстарғанда 3,5 есе төмендеген. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының қадағалауындағы тексерулер нәтижесіне тоқталсақ, ерекше тәртіппен 3 002 нысан, жоспардан тыс 1 624 нысан тексеріліп, нәтижесінде жалпы сомасы 547 630 970 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жыл мерзімге шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микро кәсіпкерлік субъектілеріне барумен тексеруге, профилактикалық бақылауға және қадағалауға жарияланған мораторийге байланысты тарапымыздан кәсіпкерлік нысандарды тексеру тоқтатылған. Дегенмен Президенттің жасаған осы қолдауын дұрыс мақсатта пайдалана білмеген көптеген кәсіпкерлер өз жауапкершіліктерін тиісті деңгейде сезіне алмауда. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындарында бір емес бірнеше рет жаппай улану, мектеп асханаларына орналасқан жеке кәсіпкерлердің рұқсат етілмеген тағамдарды оқушыларға сату фактілері орын алды. Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде 200-ге жуық, Мақтаарал ауданында 6 адам зардап шеккен. Келеңсіз жағдай орын алған бұл қоғамдық тамақтану орындары жұмыс бастауы үшін санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алмағаны, қызметкерлері медициналық тексеруден өтпегені, арнайы киімдермен қамтамасыз етілмегендері сияқты т.б санитариялық талаптардың сақталмағандығы анықталған. Бұл жеке кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру керектігін білдіреді.
2023 жылдан бастап ҚР Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, эпидемиялық мәні жоғары объектілерге ерекше тәртіп бойынша тексерулер тоқтатылды. Алайда, ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізілетін болады. Сонымен қатар, адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері, дәлелді құжаттар ұсынылған кезде жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың жолданымдары, әлеуметтік желілердегі шығарылымдар жоспардан тыс тексеруге негіз бола алады. Сондықтан, кәсіпкерлерді жаппай адам денсаулығына қауіп-қатер төндіретін факторларды болдырмауға, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға шақырамын!
Н.Нышанов, Түркістан облысының СЭБД басшысы