Түркістанда 1 маусым – Балалар күнінің құрметіне «Дені сау ұрпақ - Мәңгілік елдің кепілі» атты алғаш рет дәрігерлер арасында облыстық ауқымды шара өткізілді. Ауданаралық сайысқа облыс төңірегіндегі шағын қалалардағы қалалық аурухана, емхана, аудандық аурухана мамандарынан құралған 15 команда қатысып, үш кезең бойынша байқаудың сатыларынан өтті. Арасында 3-8 жас аралығындағы балаларға да спорттық ойындар мен сурет салудан сайыс болды. Байқаудың талаптарына барлық командалар тиянақты дайындалған.
Іс шараның негізгі мақсаты – ана мен бала өлімін, әсіресе бір жасқа дейінгі балалар өлімін азайту. Семіздік, қант диабеті, қан қысымы сынды аурулардың алдын алу үшін үздіксіз профилактикалық жұмыстар жүргізу. Сол арқылы халықтың денсаулығын түзеу. Оған көпшілікте салауатты өмір салытну ұстануға шақырып, балаларды спортпен айналысуға баулу.
– Республикадағы әр бесінші нәресте Оңтүстікте дүниеге келеді. Сол баланы өмірге аман әкеліп, ары қарай денін сау етіп жетілдіру дәрігерлердің де қолында. Статистика бойынша аурудың жазылып кетуінің 52 пайызы науқастың тұрмысына, ал дәрігерлерге тек 8 пайыз байланысты екен. Сондықтан, бұл мамандық иелеріне балалар тек тексерілуге келсін, - деген облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев жиналғандарды мерекемен құттықтады. Соңғы айларда Мейірбикелер күні сынды үлкен ауқымды шараларды өткізгені үшін М.Егізбаевқа алғыс айтты.
Осыдан кейін мерекеге қатысушылардың бәрі балалардың құрметіне «Өмір өздеріңмен жарасады» ұранымен аспанға 1000 дана шар ұшырды.
Конкурстың бірінші кезеңінде қатысушы терапевт, эндокринолог, кардиолог сынды дәрігерлер аудандағы халық көп шоғырланатын ХҚКО сынды мекемелерге барып жүректің созылмалы жетімсіздігі, артериалдық гипертензия, артық салмақ пен қант диабетінің алдын алу мақсатында халықпен насихат жүргізген. Соны 3-4 минутқа жинақтап таспаға әзірлегенін көрсетті.
Арыстықтар осындай үгіт жұмысын Монтайтас ауылдық амбулаториясында жүргізген. Бәйдібектіктер ауданда 52412 халық саны болса соның 4700-ге жуығы диспансерлік есепте, алайда оның ішінде 700 науқас қана өз денсаулықтарына мұқият қарайтынын айтты. Сосын ауырмаудың жолы уақытылы тамақтану, гимнастикалық жаттығулармен айналысу, үнемі белсенді қозғалыс жасап темекі мен ішімдіктен бас тарту керектігін еске салды. Темекі өкпе обырының тууына себеп болғанымен қоймай есте сақтау қабілетін азайтатынын көрсетті. Алкогольді ішімдік бауыр, жүрекке зиянын тигізіп ми жұмысын төмендетеді. Қан қысымын үнемі өлшеу дертті уақытында анықтауға себеп.
Созақ аудандық орталық ауруханасының қызметкерлері өзге тағаммен қатар киіктің етінен жасаған дәмдерін ұсынды. Жетісай аудандық Асықата емханасынан келген дәрігерлер отбасын жоспарлау үшін ерлі-зайыптылар балаларды дені сау етіп дүниеге әкелуді алдымен ойлануы керектігін айтты. Босанған соң үш жылда әйелдің денсаулығы қалыпқа келеді екен. Тексеру мен зерттеулерден өтіп, емделіп барып бала туралы ойлануды ескертеді.
Үшінші кезеңде әр аудан командасы «Дені сау ұрпақ – ел болашағы атты» фотогалерея жасап, ондағы суреттердің мағынасын түсіндірді. «Жүректен жүрекке мейірім», «Ана алақанының аясы ақ шынардың саясы» деген сынды тақырыптарда бала мен ана, дұрыс тамақтану, спорттық жаттығулармен айналысу тақырыбында түрлі суреттер безендірілген.
Сайыс кезінде ауланың екінші жағында балалар бормен, қарындашпен, пластилинмен сурет салып, шахмат, шашка тоғызқұмалақтан жарысты. Бормен сурет салуда темірландық, қазығұрт, отырарлық балалар алдыға шықты. Пластилинмен ойын көрсеткендердің ішінде түркістандық, леңгірлік, Асықатадан келген балалар сыйлық алды. Қарандашпен суретте төлебилік, түркістандықтардың өнері бағаланды. Бояумен сурет салуда жетісайлық бала сыйлыққа ие болды. Алматыдан Гүлмира Толғанбаева мен Гүлнар Шәкірова сынды бизнес өкілдері келіп, жеңімпаз балаларға сыйлық үлестірді. Олар осыған дейін аудандағы бірқатар дәрігер медбикелерге денсаулық сақтаудың менеджменті жайлы тренингтер өткізген екен.
Осы іс-шараға қатысып, өз ауданының намысын қорғағаны үшін М. Егізбаев сол жерде бірқатар бас дәрігер орынбасарлары мен қатысқан медбикелерге бір айлық көлемінде сыйақы тағайындайтын болды.
Қорытындыда ІІІ орынды емдеу ісі бойынша Асықатадан Бекмұхан Амангелдиев, ІІ орынды Бәйдібектен Бексұлтан Рысбеков, І орынды Кентау қаласының дәрігерлері алды. Ана мен бала денсаулығын күту бойынша ІІІ орынды Атакенттен Әсем Серікбайқызы, ІІ орынды қазығұрттық Наушаман Боранбайқызы, І орынды шардаралық Құралай Төленқызына, бас жүлде Түркістан қалалық емханасынан Динара Маханбетқызына бұйырды.
Емдеу ісі бойынша бас жүлдені Ордабасылық дәрігер Айжан Данияроваға бұйырып, Манкентке он күнге демалуға жолдама алды. Кішкентай жетістіктің өзіне үлкен қуанышпен қарайтын дәрігерлердің сайыста жүріп те ұлт денсаулығына алаңдайтынына куә болдық.
Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ