Сыбайлас жемқорлықпен күресте қатардағы қарапайым қызметкерден бастап, жоғарыдағы басшыға дейін жауапты. Басшылар халықпен өздері тікелей, бетпе-бет жүздесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдағандары абзал. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сыбайлас жемқорлықты болдырмауға тікелей басшылар жауапты екендігін айтқан болатын. Осы жерде: «алдыңғы арба қайда жүрсе, артқы арба сонда жүреді» деген сөз еске түседі. Сондықтан да, басшылар қарамағындағыларға үлгі болуы тиіс.
Осыған орай, жақында «Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Салыхан Полатов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Б.Айдарбеков, филиал төрағасының бірінші орынбасары Р.Әлжанов, ауылдық округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Филиал басышысына аудан тұрғындары тұрғын үймен қамту, жылжымайтын мүлік құжаттарын рәсімдеу, тұрғын үй салуға жер алу, жұмысқа орналасу, т.б. түрлі әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне жәрдем беруді сұрап келген. Өз кезегінде аудан әкімі азаматтардың өтініштері бойынша тиісті ауылдық округ әкімдеріне, бөлім, мекеме басшыларына өтініштерде көтерілген мәселелер бойынша тапсырмалар беріп, нәтижелерінің тікелей өз бақылауында болатындығын атап өтті. Бірқатар азаматтарға заңнамалар аясында түсініктемелер берілді. Аудан басшысы қабылдауға келген азаматтарға сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.