Шетелге өнім экспорттау – зор жетістік. Экспорт болған жерде бюджетке түсім болады. Нәтижесінде, халықтың әлеуеметтік жағдайы жақсарады. Бұл нақты нәрсе.
Осыған орай, Елбасы тапсырмасына сәйкес, еліміде ауыл шаруашылығына зор назар аударылуда. Осының арқасында ауыл шаруашылығы аяқтан тұрып, алыс-жақын шетелдерге тауар экспорттайтын дәрежеге жетті. Мысалы, Түркістан облысынан Өзбекстан Республикасына жөнелтілетін ауыл шаруашылығы өнім көлемі артып келеді. Бүгінгі таңда өңірден көрші елге ұн, ет, май өнімдері экспортталуда. Бүгін бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков мәлім етті.
Ағымдағы жылдың 6 айында облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 146,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,4 млрд. теңгеге артқан. Республикада өнім көлемі бойынша облысымыздың үлесі 14,6 пайызға жетіп, 2-орынды иеленіп отыр. Ал ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 68,6 млн. АҚШ долларын құрап 18,2 пайызға артып отыр.
- 2018 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 4686,4 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 34 пайызды құрады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 448 мың гектар суармалы жерді игеру жоспары қазіргі таңда 3,3 пайызға артығымен орындалған. Бұдан өзге, биыл ауыл шаруашылығы саласындағы барлық техникалардың 6,2 пайызы жаңарды, - деді Серік Ордабекұлы.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда өңірде 60 мыңнан аса үй шаруашылықтары мен шағын фермер мүшелерінен құралған 704 ауыл шаруашылығы кооперативтері тіркеліп, жұмыстарын жүргізуде.