Елбасы тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Респулбикасының халқының саны 2050 жылға дейін 20 миллионға дейін жетуі керек. Осыған орай, көпбалалы аналарға тұрақты әлеуметтік көмек көрсетіліп, жас аналарға бір реттік көмек беріліп келеді. Нәтижесінде, елімізде демографиялық өсім байқалып жатыр.
2018 жылдың 1 маусымдағы есеп бойынша Түркістан облысы халқының саны - 1 955 219 адамды құрап отыр. Оның ішінде қалалық жерде - 380 929 адам (19,5%), ауылдық жерде - 1 574 290 адам (80,5%). Бүгін бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, Түркістан облысы республикада туу мен табиғи өсім бойынша 1 орында, ал халық санынан екінші орынды иемденген.
– Облыста 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында халықтың табиғи өсімі 17 448 адамды құрап, өткен жылдың тиесілі кезеңмен салыстырғанда 2,8 пайызға артқан. Ал облыс туу бойынша республика деңгейінде көш бастап келеді. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында 1000 қыз балаға 1074 ұл бала туылды. Осы кезең аралығында облыс бойынша өлгендер саны – 4 276 адамды құрап, алдыңғы жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,1 пайызға кеміді», - деді Айдар Ахметбекұлы.
Бұдан бөлек, 2018 жылғы қаңтар-мамырда көші-қонмен облысқа келген халықтың саны - 38 689 адамды құрап, облыстан кеткендердің саны - 77 524 адамға жеткен. Оның ішінде 8 605 адам – Қазақстанның басқа облыстарына, 60 адам – ынтымақтастық елдеріне, 6 адам – алыс шет елдеріне кеткендер.
Облыстық Статистика департаментінің мәлімдеуінше, көші-қон ағыны бойынша абсолюттік ауытқу айырымы: облыс-аралық көші-қон – 38 835 адам (теріс), ТМД елдері бойынша – 228 адам (оң) болды.